
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы активтерін жеке компанияларға көбірек беру керек деген пікірде. LS басылымының хабарлауынша, ол бұл туралы Astana Finance Days аясында сөйлеген сөзінде айтқан.
Оның айымдауынша, қордың Ұлттық банк басқарып отырған активінің өтімділігі жоғары.
«Біздің тәжірибелі команда бар, олар нәтижеге жұмыс істейді. Дегенмен, зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға көбірек беруіміз керек. Әрине, бұл процесс өте сақтықпен жүреді және біз оған қатаң бақылау орнатамыз», – деді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы сонымен қатар ірі халықаралық компанияларды зейнетақы ақшасын басқаруға тарту мүмкіндігіне де тоқталған.
«2013 жылы халық сол кездегі басқарушылар заң бұзғанын білді. Сол кезде адамдар зейнетақы жинақтарына алаңдады. Бұл тәжірибе ұмытылған жоқ, әсіресе 90-жылдарды көрген буын үшін бұл өте маңызды», – деді ол.
Сүлейменовтің пікірінше, егер Қазақстанға танымал шетелдік басқарушылар келсе, халықтың сенімін арттыруға мүмкіндік болуы мүмкін. Дегенмен, ол ең алдымен ішкі нарықтағы басқарушылардың жұмысын жолға қою қажеттігін атап өтті.
2025 жылдың маусым айында қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 23,5 трлн теңгеден асты. Осы қаржының 23,47 трлн теңгесін Ұлттық банк басқарып отыр. Бұл – бүкіл портфельдің 99 пайызынан астамы.
Ал 5 жеке компания 65 млрд теңгеге жуық активті басқарып отыр. Олардың инвестициялық жоспары қаншалықты табысты екенін мына жерден оқуға болады.