NASA 2030-жылдары Марсқа адам жіберуді жоспарлап отыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
NASA 2030-жылдары Марсқа адам жіберуді жоспарлап отыр / фото: pixabay

АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) 2030-жылдардың басында Марсқа пилотталған миссия ұйымдастыру жоспарын растады. Жоба аясында алдымен Айда ғарыш базасы салынып, кейін Қызыл ғаламшарға ұзақ мерзімді экспедициялар жасалады.

NASA басшысының міндетін атқарушы Шон Даффидің айтуынша, бұл миссия «екінші ғарыштық жарыстың» маңызды кезеңі болып саналады. АҚШ бұл бағытта Қытай сияқты бәсекелес елдерден озып, Марсты игеру ісінде көшбасшы болуды көздеп отыр.

Миссияның уақыты мен ұзақтығы

Пилотталған ұшырылым 2033 немесе 2035 жылға жоспарланған. Дәл осы кезеңде Жер мен Марстың орбиталары бір-біріне барынша жақындайды (әр 26 ай сайын қайталанады). Сапардың ұзақтығы 6–8 айды құрайды. Астронавттар Марс бетінде 500 күнге дейін бола алады, ал миссияның жалпы ұзақтығы шамамен 2 жылға созылады.

Мақсаттары

Миссияның негізгі мақсаттары – Марс геологиясын зерттеу, өмір белгілерін іздеу, ғылыми тәжірибелер жүргізу және ұзақ мерзімді болашақ экспедицияларға дайындық жасау.

Техника мен жабдықтар

Астронавтарды жеткізу үшін қуатты SLS («Space Launch System») зымыраны мен «Орион» кемесі пайдаланылады. Сонымен қатар, ұзақ уақыт ғарышта болуға мүмкіндік беретін «Deep Space Habitat» модулі қолданылуы мүмкін.

Осыған дейін роботтандырылған миссиялар арқылы шамамен 25 тонна жабдық – марсоход, қону модулі, азық-түлік пен жанармай жеткізіледі.

Ай арқылы дайындық

2026 жылы басталатын «Артемида» бағдарламасы Ай бетінде тәжірибелік лагерь құруды көздейді. Мұнда өмірді қамтамасыз ету жүйелері, скафандрлар және су сияқты ресурстарды өндіру әдістері сынақтан өтеді.

Марсқа орбиталық миссия шамамен 17 млрд доллар тұрады деп жоспарланып отыр. Ал толық қону операциясы бұдан да қымбатқа түсуі мүмкін.

АҚШ-тың басты қарсыласы – Қытай. Бұл ел де 2030-жылдары Марсқа адам жіберуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Илoн Масктың SpaceX компаниясы өз Starship зымыраны арқылы адамдарды NASA-дан бұрын – 2020-жылдардың соңында немесе 2030-жылдардың басында жіберуді көздеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз