Қостанай облысында өртеніп кеткен орман ағаштары аукционға қойылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Өртеніп кеткен орман ағаштары аукционға қойылды / фото: e-auction

Қостанай облысында «Семиозерный орман шаруашылығы мекемесі» мен «Басаман орман шаруашылығы мекемесі» аукцион жариялады.

Саудаға ағаш материалдары емес, ормандағы ағаштарды кесу құқығы шығарылды. Яғни, сатып алушылар орманнан ағашты өздері кесіп, тасымалдап, өңдеумен айналысады.

Аукционда 38 лот ұсынылған, олардың жалпы құны 85 млн теңгеден асады. Бастапқы баға – әр шаршы метр үшін 2700 теңге көлемінде белгіленген. Лоттар Кондратьев, Аманқарағай, Новонежин және Калинин орманшылықтарында орналасқан. Бұл аймақтар 2022 жылы Әулиекөл ауданында болған ірі орман өрті кезінде қатты зардап шеккен еді.

Орман шаруашылығы өкілдерінің мәліметінше, бұған дейін 200-ден астам лот рәсімделген, ал қазіргі ұсынылғандары – соңғылары.

Еске салайық, 2022 жылдың 2 қыркүйегінде Басаман және Семиозерный ормaн шаруашылығы аумақтарында ірі өрт шыққан болатын. Жалпы өрт аумағы 43 мың гектарға жетіп, 91 тұрғын үй жанып кетті немесе зақымданды.

Бұған дейін, сот Қостанайдағы алапат ормaн өртіне кінәлі кәсіпорын басшысын 21 млрд теңге өтемақы төлеуге міндеттеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз