Z буыны – әлемдегі ең бақытсыз жас тобы

Әлемнің 46 елінде жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша 18 бен 24 жас аралығындағы жастар – Z буыны ең бақытсыз жас тобы болып шықты. Бұл туралы АҚШ-тағы Дартмут колледжі мен Лондон университеттік колледжінің ғалымдары хабарлады.
Бұған дейінгі деректерге сәйкес, бақыт деңгейінің төмендеуі көбіне 40 жас шамасында байқалатын «орта жастағы дағдарыспен» байланысты саналатын. Алайда жаңа зерттеу бұл пікірге қайшы келіп отыр.
Ғалымдар зумерлердің өмірге қанағаттанбауының нақты себебін айта алмады. Дегенмен, бірқатар ықтимал факторларды атап өтті: жастар арасында психикалық денсаулық проблемаларының өсуі, соның салдарынан оқу мен жұмысты жиі қалдыру немесе тіпті мерзімінен бұрын қызметтен кету жағдайлары жиілеген.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, Z буынының жартысына жуығы (48%) психикалық бұзылыстар қаупі жоғары топқа кіреді. Бұл жағдай ғалымдар арасында үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.
Сонымен қатар, ең бақытты адамдар қатарына 45 пен 70 жас аралығындағы азаматтар кірген. Зерттеушілердің айтуынша, бұл жастағылардың психикалық денсаулығы жастарға қарағанда әлдеқайда жақсы.
Еске сала кетейік, бұған дейін 2025 жылдан бастап туғандар жаңа Beta буынына жататынын жазған едік.