Зеленский Мәскеуге бара ма: Украинаға 26 ел қауіпсіздік кепілдігін беруге келісті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Зеленский Мәскеуге бара ма? / фото: t.me Zelenskiy / official

Франция президенті Эммануэль Макрон Парижде өткен кездесуінен кейін Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге 26 мемлекет келісімін бергенін хабарлады. Бұл кепілдіктердің қатарында соғыс тоқтаған жағдайда Украинаға әскер жіберу мәселесі де бар.

Саммитке қатысқан Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, қауіпсіздік кепілдіктері мықты украин армиясын құруды, Украинаға қару өндіру мен сатып алуды, сондай-ақ шетелдік әскерлерді орналастыруды қамтиды.

Кездесу барысында қатысушылар АҚШ президенті Дональд Трамппен де сөйлесті. Әңгіме кезінде Трамп Еуропаның әлі де Ресей мұнайын сатып алып жатқанын сынға алды.

Зеленский мен Макронның сөзінше, АҚШ та Киевке қауіпсіздік кепілдіктерін беруге қатысады. Дегенмен нақты тетіктер мен егжей-тегжейлі жоспар туралы әзірге айтылмады.

Ал бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин Украина басшысымен кездесуге дайын екенін, бірақ ол үшін Зеленский Мәскеуге келуі керек деп мәлімдеген болатын.

Украина Сыртқы істер министрі бұл пікірге жауап беріп, Путин «бәрінің басын қатырып, әдейі орындалмайтын шарттар қояды» деп мәлімдеді.

Зеленский болса, Париждегі саммиттен кейінгі баспасөз мәслихатында:

«Кездесу қажет. Біз үшжақты да, екіжақты да, жалпы кез келген форматтағы кездесулерді қолдадық. Меніңше, Ресей мұны созу үшін бәрін жасап отыр. Егер кездесуді қаламайтын болсаң, онда мені Мәскеуге шақырудың қажеті жоқ», – деді.

Зеленскийдің айтуынша, Путиннің өзі кездесу жайында айта бастауы маңызды, бірақ әзірге Кремльдің шынымен соғысты аяқтауға ниеті байқалмайды.

Сондай-ақ оқыңыз