Тәуелсіздік жылдары елдегі мұнай өндірісі 4 есе артқан

Тәуелсіздік жылдары елдегі мұнай өндірісі 4 есе артқан. Бұл туралы мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Президент қазақ мұнайының 125 жылдығы атап өтілгенін, осы жылы да бұл салада айтулы күндердің көп көп екенін айтты. Атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауытының ашылғанына 80 жыл толса, Шымкент мұнай өңдеу зауытына 40 жыл, ал «QazaqGaz» ұлттық компаниясына 25 жыл толған.
«Бұл мерекелік күндер еліміздің мұнай-газ саласының мән-маңызын көрсетеді. Мұнай мен газ – стратегиялық маңызы бар ресурс, бұл – жұртшылыққа белгілі дерек. Себебі бұл сала еліміздің өсіп-өркендеуіне айрықша ықпал етті. Тәуелсіздік жылдары қара алтынның игілігін молынан көрдік. Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамып келеді. Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекеттің бірі саналады. Егемендік кезеңінде еліміздегі мұнай өндірісі төрт есе өсті. Жақын арада мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға жеткіземіз», – деді Тоқаев.
Бұған қоса президент Атырау, Павлодар, Шымкент қалаларында орналасқан үш ірі мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыртылып, нәтижесінде ішкі нарықты сапалы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету мүмкіндігі туғанын атап өтті.
«Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 13 миллионға жуық адам табиғи газға қол жеткізді. Қазір бұл бағытта бұрын-соңды болмаған ауқымды жобалар іске асырылуда. Қашағанда жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынуда. Сондай-ақ біз қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды қолға алдық. Мұнай-газ химиясы саласында бірқатар ірі жобаны іске қосамыз. Мұның бәрі 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деді президент.
Сонымен бірге салаға шетел инвесторларының қомақты қаражат құйып, саланың ілгерілеуіне үлкен үлес қосып жатқанын айтты.
«Соның ішінде полиэтилен зауытын ерекше атап өткім келеді. Бұл – шетел инвесторларымен бірге іске асырылып жатқан маңызды жоба. Инвестиция көлемі 7 миллиард доллардан асады. «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» секілді ірі теңіз кен орындарын игеру басталды. Алты миллиард доллардан астам инвестиция салынады. Теңіз платформаларының құрылысын отандық кеме құрастырушы кәсіпорындар жүргізеді. Бұл Қазақстанның мұнай-газ саласындағы үлкен оқиға болмақ. Аталған жобалардың бәрі энергетикалық әлеуетімізді нығайтып қана қоймай, ел экономикасының қарыштап дамуына ықпал етеді. Мұның игілігін барша халық көреді», – деді Тоқаев.