Алматылықтар адам өмірін құтқару акциясына қатыса алады

Алматыда адам өмірін құтқаруға бағытталған «Бір тамшы қан – бір өмір» атты қайырымдылық акциясы өтеді. Бұл туралы «Qamqor Charity» қоғамдық қорының баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы қаласында 2025 жылғы 5 қыркүйек күні сағат 11:00-де «Бір тамшы қан – бір өмір» атты қан тапсыру акциясы өтеді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Шараны «Qamqor Charity» қоғамдық қоры мен Республикалық қан орталығы бірлесіп өткізіп жатыр.
Ұйымдастырушылар бұл шараның мақсаты қоғам назарын донорлыққа аударып, мейірімділік пен өзара көмек мәдениетін дамытуға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ мұндай қолдау көмекке мұқтаж жандардың өмірін сақтап қалуға көмектеспек.
Акцияға қатысқан азаматтар мамандардан кеңес алып, донор болудың адам өмірін сақтап қалудағы рөлі жөнінде толық ақпарат ала алады.
Акцияға қатысуға ниет білдірген жандар Алматы қаласы, Байтұрсынов көшесі 22к1 мекенжайында орналасқан Алмалы ауданының комьюнити орталығына бара алады.