Еуроодақ шекарадан өтудің бірыңғай жүйесін енгізеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

Еуропалық одақ 12 қазаннан бастап бүкіл Еуропаға ортақ шекарадан өту жүйесін енгізеді. Бұл жайлы Финляндияның Yle ресурсы хабарлайды.

«Еуропа шекарадағы бақылауды күшейтуде: әуежайларда саусақ іздерін алу және бет бейнесін тіркеу бойынша ауқымды жоба басталады», – деп жазады Yle.

Порталдың дерегінше, жүйенің негізгі мақсаты – жалған паспорт пайдаланатындарды, сондай-ақ белгілі бір рұқсаты бар, бірақ ЕО елдерінде болу мерзімін асырған адамдарды анықтау.

Еуропалық шекаралық бақылаудың жаңа жүйесі – EES (Entry/Exit System) он жыл бойы дайындалды. Бірақ қолданысқа енуі бірнеше рет техникалық мәселелерге байланысты кейінге шегерілген. Енді осы жылы 12 қазаннан бастап пайдалануға беріледі.

Жаңа жүйе бойынша, Шенген аймағына алғаш кірген кезде үшінші елдер азаматтарының саусақ іздері, бет бейнелері мен шекарадан өту деректері бірыңғай еуропалық тізілімде сақталатын болады. Кейін Еуропаға келген адам шекараны паспорттық инспектормен бетпе-бет кездеспей-ақ автоматтандырылған бақылау арқылы кесе алады. Паспорттарға мөр басу жүйесі толық жойылады.

Алты айлық өтпелі кезең белгіленді, осы уақыт ішінде қазіргі шекаралық бақылау жаңа жүйемен қатар жүргізіледі. Алғашында жылына 200–300 млн шекара кесіп өту дерегін өңдеуге қабілетті жаңа жүйе бірнеше өткізу бекеттерінде енгізіледі.

Порталдың ақпараты бойынша, тізілімдегі деректер көші-қон органдарына, полицияға, Финляндияның Қауіпсіздік және барлау қызметіне, сондай-ақ Қорғаныс күштеріне қолжетімді болады.

Сондай-ақ оқыңыз