Израиль әскері Газа қаласының 40 пайызын бақылауға алды

Израиль әскері Газа қаласының шамамен 40 пайызын бақылауға алған. Бұл туралы Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) ресми өкілі Эфи Дефрин мәлімдеді.
«Біз осы аптада қосымша күшті тартуды бастадық, бұл біздің әскери мүмкіндіктерімізді айтарлықтай күшейтті», – деді Дефрин.
Әскери өкілдің мәліметінше, операция аясында ЦАХАЛ бөлімшелері Газа қаласының әртүрлі аумақтарында, соның ішінде Зәйтун ықшам ауданында және Шейх-Радванның шеткері бөлігінде ұрыс жүргізіп жатыр.
Қазір Израильде резервтегі әскерилерді мобилизациялау жүріп жатыр. Бұл жоспарды 8 тамызда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі растаған. Дегенмен ол шешім Израиль ішінде де, шетелде де сынға ұшырады.
Бұған дейін Израиль армиясының жоғары лауазымды өкілі Газаны толық басып алуға дайындалып жатырмыз деп мәлімдеген. Ал тұрғындар үшін жаңа «гуманитарлық аймақ» қүруды жоспарлап отыр.