Мәсімовтің зәулім сарайы Оқу-ағарту министрлігіне берілді

ҰҚК-нің сотталған бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі құны 1,6 млрд теңге болатын зәулім сарай республикалық меншікке берілді. Бұл туралы «Курсивке» «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (ҚАБК) хабарлады.
Қаржы министрлігінің бұйрығымен нысан Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесіне бекітілді.
ҚАБК мәліметінше, шешім нысанның сипаттамалары және әлеуметтік қолдау саласындағы мемлекеттік басымдықтарға байланысты қабылданған. Бұл жаңа құрылысқа қосымша бюджет шығынын болдырмай, қайтарылған активті мемлекет пен қоғам мүддесіне тез пайдалануға мүмкіндік береді
Үйді астана әлеуметтік мұқтаждықтарына бермек болған
Алғашында сарайды Астана қаласының коммуналдық меншігіне өткізіп, әлеуметтік мақсатта пайдалану қарастырылған. Алайда елордалық Білім басқармасы санитарлық нормаларға сәйкес келмейді деген уәжбен нысаннан бас тартқан.
Бұған дейін «Курсив» сарайды аукцион арқылы 1,8 млрд теңгеге сатпақ болғанын, бірақ қатысушылардың болмауына байланысты сауда екі рет өтпей қалғанын жазған. 2024 жылғы сәуірде нысан қайтадан 282 млн теңгеге арзандатылып, 1,6 млрд теңгеге саудаға шығарылған.
Кәрім Мәсімовке қатысты іс
2023 жылғы сәуірде Кәрім Мәсімов мемлекеттік опасыздық, билікті басып алуға әрекеттену және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырылды. 2024 жылғы маусымда ол Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім сұраған, бірақ президент өтінішін қанағаттандырмады. Конституцияның 30 жылдығына арналған амнистияға да Мәсімов жатпайды.