Трамп Пентагон атауын Соғыс министрлігі деп өзгертпекші

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп Пентагонды «Соғыс министрлігі» деп қайта атау туралы жарлыққа қол қоймақшы. Бұл туралы Ақ үйдегі дереккөзіне сілтеме жасаған Fox News телеарнасы хабарлайды.

Ақ үйдің ақпараттық бюллетеніне сәйкес, жарлықта Қорғаныс министрлігіне қосымша атау ретінде «Соғыс министрлігін» қолдану көзделген. Сондай-ақ, қорғаныс министрі Пит Хегсетке қатысты «соғыс министрі» деген терминді пайдалану ұсынған.

Маусым айында Трамп АҚШ Қорғаныс министрі лауазымын «Соғыс министрі» деп өзгертуді ойластыруға болатынын айтқан еді.

«Шындығында, Ақ үйдің жанындағы ескі ғимаратқа қарасаңыз, ол жерде бұрын «Соғыс министрі» деп жазылғанын көруге болады. Кейін біз саяси тұрғыда дұрысырақ деп, оны Қорғаныс министрі деп атадық. Білмеймін, мүмкін қайта өзгертуді ойлаған жөн шығар», – деген болатын Трамп.

Бұл өзгерісті түпкілікті бекіту үшін атқарушы билік департаменттерін құру құқығы бар Конгресс араласуы қажет пе, жоқ па – әзірге белгісіз.

АҚШ өз әскери ведомствосын 1949 жылға дейін «Соғыс министрлігі» деп атап келген. Сол жылы ол 1947 жылғы Ұлттық қауіпсіздік туралы заң аясындағы ауқымды реформаларға сәйкес «Қорғаныс министрлігі» болып қайта аталды.

Сондай-ақ оқыңыз