
Әйгілі бизнесмен Тұрсынғали Алагөзовқа тиесілі «GALANZ Bottlers» компаниясының активі бір жылда 45%-ға, ал таза табысы 55%-ға артты. Бұл жайлы кәсіпорынның қаржы есебінде жазылған.
Компанияның жалпы активтері 2023 жылғы 41,1 млрд теңгеден 2024 жылы 59,7 млрд теңгеге өсіп, бір жылда шамамен 45% арту байқалды. Оның ішінде:
- Ұзақмерзімді активтер – 37 млрд теңге (2023 жылы – 25,3 млрд теңге).
- Қысқамерзімді активтер – 22,7 млрд теңге (өткен жылы – 15,7 млрд теңге).
Компания капиталы – 43,4 млрд теңге, 2023 жылмен салыстырғанда екі есе өскен
Табысы
2024 жылы компанияның жалпы кірісі 28 млрд теңгені құрады, 2023 жылмен салыстырғанда 8 млрд теңгеге артық. Оның ішінде таза пайдасы 17,2 млрд теңге. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда (11,1 млрд теңге) 55% артық.
Сонымен қатар, қысқамерзімді міндеттемелер 10,9 млрд теңгеден 14,5 млрд теңгеге, ал ұзақмерзімді міндеттемелер 4 млрд теңгеден 1,8 млрд теңгеге дейін азайды.
Компанияның ең үлкен өсімі – таза пайда есебінен жиналған бөлінбеген кірісте байқалды: 2023 жылғы 21,5 млрд теңгеден 2024 жылы 38,7 млрд теңгеге жеткен.
Компанияда қандай өзгеріс болды?
2024 жылы Алагөзов бизнес-моделін қайта құрып, стратегиясын өзгертті. Бизнесті кеңейту үшін ірі инвестиция жасады. Тиісінше операциялық шығындар да өсті, қаржылық міндеттемелерді өтеуге бөлінген қаржы көлемі артты.
Компаниядағы ақша ағыны және оның эквиваленттері 143,4 млрд теңгеден 30,2 млрд теңгеге дейін қысқарды. Мұны бірнеше себеппен түсіндіруге болады:
- Операциялық шығын: Жалақы төлемдерінің күрт өсуіне байланысты операциялық қызметтен 132,7 млн теңге шығыс болды.
- Үлкен инвестиция: Компания негізгі қорларға 11,1 млрд теңге бөліп, еншілес компанияларға 3,3 млрд теңге көмек көрсетті.
- Қаржылай міндеттемелерін өтеу: Компания 628 млн теңге несие міндеттемелерін өтеді.
2024 жылы компания мен «First Herathlend Jusan Bank» (қазіргі Alatau City Bank) арасында келісім жасалып, 7 млрд теңгеге несие желісі ашылады. Оның бір млрд теңгесі 2024 жылға дейін, 6 млрд теңгесі 2026 жылға дейін берілген.
2022-2023 жылдары банк кредит келісімінің кейбір шарттарын орындамағаны үшін 527,2 млн және 3,18 млрд теңгеге санкциялық айыппұл салады. Компания бұл соманы бастапқыда шығындар деп көрсеткен. 2023-2024 жылдары банк ол соманы өндіруден бас тартып, кредит келісімін ұзартты. Осыдан кейін компания айыппұл сомасын сол кезеңдегі табыс ретінде көрсетті.
2024 жылдың 31 желтоқсанындағы дерек бойынша «GALANZ Bottlers» 93%-ы Тұрсынғали Алагөзовқа, 7%-ы Ихтияр Мырзагелдіұлына тиесілі. Компанияда мыңнан аса адам жұмыс істейді. Негізінен алкогольсіз сусындар өндіреді.
Тұрсынғали Алагөзов – Forbes тізіміне енген миллиардер, дәулеті 130 млн доллар деп бағаланған. Оның бизнес империясы жайлы толығырақ мына жерден оқуға болады.
Осы жылы көктемде компаниясында ұзақ жыл істеген 100 қызметкеріне пәтер сыйлап, көпшілікті таңғалдырған еді.