Жаңалықтар

Тоқаев 8 қыркүйек күні тікелей эфирде Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды

Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйек күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды /Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйек күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте өтетін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Жолдауды көпшілік республикалық телеарналардан тікелей эфирден тамашалай алады. Сонымен бірге жолдауды президенттің баспасөз қызметінің ресми парақшалары да тікелей эфир арқылы көрсетеді.

Айта кетсек, Мәжілістің баспасөз қызметі де қос палатаның отырысы өтетінін, тиісті құжатқа Мәжіліс төрағасы қол қойғанын хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы 2025 жылғы 8 қыркүйекте сағат 11.00-де Астана қаласында шақырылсын», – делінген Ерлан Қошанов қол қойған өкімде.  

Айта кетейік, жиынға Сенат пен Мәжіліс депутаттарынан бөлек, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай мүшелері, қоғам өкілдері және әртүрлі сала еңбеккерлері қатысады.