Бектенов сәби өлімі 22,7%-ға азайғанын айтады. Министр Әлназарованың дерегі басқа

Қазақстанда сәби өлімі азайып келе жатыр. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында нәресте өлімі 22,7%-ға төмендеді. AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген жиынында премьер-министр Олжас Бектенов осындай мәлімет келтірді.
Үкімет басшысының айтуынша биылғы жылдың алғашқы алты айында жалпы өлім-жітім көрсеткіші 3%-ға азайған.
«Біз 2029-шы жылға қарай халықтың өмір сүру ұзақтығын кемінде 77 жылға жеткізу мақсатына біртіндеп жақындап келеміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жыл 4 айға жетті. Мемлекет басшысының қолдауы мен тұрақты назарының арқасында денсаулық саласындағы негізгі көрсеткіштерді жақсартуға қол жеткізілді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Денсаулық сақтау министрінің дерегі мүлдем басқа
Осыған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2024 жылы ана өлімінің көрсеткіші 12%-ға төмендегенін (100 мың тірі туған нәрестеге шаққанда 10,1 жағдайды құрады) айтқан болатын. Ал нәресте өлімі 11%-ға азайған (1000 тірі туған сәбиге шаққанда 6,88 жағдай).
Дегенмен Әлназарованың 2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысындағы статистикасы Олжас Бектеновтың келтірген мәліметімен сәл қабыспайды. Министр келтірген деректе нәресте өлімі бірден 26%-ға төмендегені айтылады.
Айта кетейік елімізде кесар тілігі арқылы бала туу көбейді. Мәселен, 2000-жылдарға дейін орта есеппен жалпы сәби дүниеге келген жағдайда тек 6-7%-ына ғана ота жасалған.