Жаңалықтар

Қазақстанда бюджетке сай саяхат: қайда баруға және қалай ақша үнемдеуге болады

туризм саласындағы
Арзан әрі жайлы демалыс түрлері / Фото: kursiv.media архивінен

Қазақстандағы демалыс қымбат курорттармен немесе люкс қонақүйлермен ғана шектелмейді. Соңғы жылдары туристердің көбі қолжетімді әрі жайлы демалысты іздей бастады. Елде тиімді бағамен демалу үшін не істеу керек? Әрине, ең бастысы – сапар бағытын алдын ала таңдап, уақытын дұрыс жоспарлап, үнемдеудің қарапайым тәсілдерін білу.

Қазақстан кең-байтақ ел: алып мегаполистерден тыныш таулы ауылдарға дейін, шексіз далалар мен тұзды көлдерден Каспий теңізінің жағалауларына дейінгі ерекше көріністерге көз тояды. Сондықтан мұнда әркім өз мүмкіндігіне қарай демала алады. Біреулер Алматы облысының таулы соқпақтарын таңдайды, біреулер Түркістанның тарихи орындарын көргісі келеді, енді бірі Бурабайдың сауықтыру аймағында тынығады немесе Маңғыстаудың ерекше табиғатын тамашалайды.

Алматы: қымбат қалада қалай ақша үнемдеуге болады

Алматы елдегі ең қымбат қалалардың бірі саналғанымен, мұнда да арзан әрі қызықты демалыс ұйымдастыруға болады. Қала орталығында хостелдер көп, онда бір түн қону небәрі 10-15 мың теңге тұрады. Алдын ала автобус немесе электричка билетін алып қойсаңыз, Медеу, Шымбұлақ немесе Үлкен Алматы көліне қолжетімді бағада жете аласыз. Көк Жайлау, Медеу сынды көптеген таулы соқпақтар тегін, ал табиғаттағы әсерлі серуендер қымбат турдан еш кем түспейді.

Қаланың өзінде де шығынсыз күн өткізуге мүмкіндік бар: Президент саябағы немесе Ботаникалық бақ секілді орындарда серуендеу үшін ақы төлеудің қажеті жоқ.

Шығыстық реңк пен төмен бағалар – Шымкент пен Түркістанда

Қазақстанның оңтүстігі – қонақжайлығы мен тиімді бағаларымен танымал аймақ. Шымкент пен Түркістан мәдениет пен тарихи ескерткіштерді қатар іздейтін саяхатшылар үшін тартымды. Түркістанда ЮНЕСКО тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне баруға болады, ал билет құны небәрі 200 теңге шамасында – өте тиімді. Мұндағы қонақүйлердің бағасы бір түнге 5-8 мың теңгеден басталады.

Түркі әлемінің мәдени астанасында ас-су да қалтаға салмақ салмайды: базарлар мен көше асханаларында 2000-4000 теңгеге тойып тамақтануға болады. Сондықтан бұл өңір аз қаржымен сапалы демалыс іздейтіндер үшін өте қолайлы.

Бурабай: табиғат аясындағы демалыс

«Қазақстанның Швейцариясы» атанған Бурабай көпшілікке қымбат бағыт болып көрінеді. Бірақ, шын мәнінд, мұнда да шағын бюджетпен жақсы демалып қайтуға болады. Ірі қонақүйлердің орнына шағын қонақүйлерді немесе кемпингтерді таңдасаңыз, тәулігіне 5-10 мың теңгеге бөлме табуға болады.

Бурабайдың басты ерекшелігі – табиғи сұлулықтың басым бөлігі тегін қолжетімді: таулы соқпақтар, әсем жартас пейзаждары, көл жағалаулары. Демалысты бірнеше күн бойы көп шығынсыз өткізуге мүмкіндік мол.

Талайды тамсандырған Маңғыстау табиғаты

Соңғы жылдардың нағыз ашылған өңір – Маңғыстау өңірі. Мұнда саяхатшылар ғаламшардағыдай көріністерге куә болады: Бозжыра үстірті, Тамшалы шатқалы, жерасты мешіттері мен Каспийдің жағалауы. Ақтауға ұшақпен бару үшін арзан авиабилеттерді алдын ала алсаңыз 20-30 мың теңгеден табуға болады, ал пойызбен сапар одан арзанға түседі.

Түнейтін орын ретінде жатақхана, қонақүй немесе тіпті шатырлы лагерьді таңдауға болады. Ал ең батыл саяхатшылар түнді далада өткізеді. Ақшасы аз болғанымен, Бозжырадағы таңғы көрініс – баға жетпес әсер сыйлайтыны анық.

Ақша үнемдеудің жолдары

Үнемдеудің басты тәсілі – қонатын дұрыс орын таңдау. Соңғы жылдары Қазақстанда арзан қонақүйлер мен жатақханалар саны артып келеді. Алматы мен Астанадағы төсек-орын 5-10 мың теңгеден басталады, ал шағын қалаларда қонақүй нөмірін 5-6 мың теңгеден табуға болады. Көптеген танымал аймақтарда кемпингтер жұмыс істейді, олардың ақысы арзан немесе мүлде тегін.

Саяхатта жол шығыны, яғни көлік түрі де маңызды. Қазақстан аумағы кең болғанымен, теміржол қатынасы жақсы дамыған. Алматы – Астана бағытындағы плацкарт билеттері 7 мың 500 теңгеден басталады, ал облысаралық автобус сапарлары 4-7 мың теңге тұрады. Ұшақпен де үнемдеуге болады: FlyArystan секілді лоукостерлер алдын ала алынса, 15-20 мың теңгеге билет ұсынады. Қаланың ішінде қоғамдық көлікпен жүру ең арзан: автобус немесе маршрутка бағасы – 100-200 теңге ғана.

Ойын-сауық пен маусымдық жеңілдіктер

Қазақстанда ақысыз немесе арзан демалыс орындары жетерлік. Табиғи саябақтар, шатқалдар мен сарқырамаларға кіру тегін. Музейлерде оқушылар мен студенттерге жеңілдік жасалады, ал ересектер үшін билет құны көбіне мың теңгеден аспайды. Жазда Астана мен Алматыда ашық аспан астында түрлі жәрмеңкелер мен фестивальдер өтеді, онда мерекелік көңіл-күйге бөлену үшін көп қаржы жұмсаудың қажеті жоқ.

Баға жағынан ең тиімді кезең – қыс айлары. Қаңтар мен ақпанда қонақ үй мен көлік шығыны айтарлықтай төмендейді. Көктемде, наурыз-сәуір айларында авиакомпаниялар арзан билеттер ұсынады, себебі турист саны аз болады. Ал күзде, әсіресе қыркүйек–қазанда ауа райы жайлы, бағалар да жаздағыдай жоғары емес.

Туристерге арналған лайфхактар

Тәжірибелі саяхатшылардың кеңесі бойынша, ең тиімді тамақтану тәсілі – асханалар мен бизнес-ланч ұсынатын кафелер. Бар-жоғы 2-3 мың теңгеге тойымды ас ішуге болады. Kaspi Red, Booking немесе Airbnb сияқты қосымшалар арқылы қонақ үй мен билеттерге жеңілдіктерді табуға болады. Егер топпен саяхаттасаңыз, біріккен турлар әлдеқайда арзанға түседі. Қымбат экскурсиялардың орнына онлайн карталар мен тегін гидтерді пайдаланған жөн.

Сонымен, Қазақстандағы арзан әрі сапалы демалыс миф емес. Бастысы – маршрутты дұрыс құрып, маусымды ыңғайлы таңдаған жөн және қарапайым үнемдеу тәсілдерін қолдану қажет. 2025 жылы ел ішінде саяхаттау барған сайын танымал бола түсуде, өйткені жаңа әсерлерді молынан алып, шығынды азайтуға болады. Қазақстанның табиғаты да, тарихы да бай, ал оны көру үшін қалтаңызды қақпай-ақ сапарға шығуға болады.

Еске сала кетсек, бұған дейін отбасылық бюджетке салмақ салмайтындай демалысты жоспарлау бойынша нұсқаулық жасаған едік. Сонымен қатар елдегі ең көрікті әрі танымал он бағыт туралы жазған болатынбыз.