Жаңалықтар

Алматыдан Қытайдың Құлжа қаласына әуе рейстерінің саны көбейеді

Енді рейстер аптасына 3 рет орындалады / Фото: mbdk.gov.my

Қазақстандық лоукостер FlyArystan Алматы мен Қытайдың Инин (Құлжа) қаласы арасындағы әуе бағдарын кеңейтуде.

2025 жылдың қазан айынан бастап рейстер аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Қазіргі таңда бұл бағыт бойынша ұшақтар аптасына екі рет қатынайды.

«Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында орналасқан Инин қаласының Қазақстанмен тарихи және мәдени байланысы терең. Мұндағы ірі қазақ диаспорасы мен туристер ағынының артуы бұл бағытты сұранысқа ие етіп отыр», – делінген компания хабарламасында.

Алматы – Инин (Құлжа) бағыты 2025 жылдың 18 мамырында іске қосылып, екі ел жолаушылары арасында тез арада танымалдыққа ие болған еді. Қосымша рейстер мәдени және экономикалық байланысты нығайтып, жолаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Айта кетейік 23 қазанға дейінгі рейстерге билеттер сатылымы қолжетімді болады.

Еске салсақ 3 шілдеден бастап қазақстандық «Fly Arystan» әуе тасымалдаушысы да Алматы – Ыстықкөл бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосқан болатын.