Қазақстан мен Өзбекстан бірігіп әскери оқу-жаттығу өткізеді

Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен әскери жаттығулар өткізуге келісті. Жоба келісімін Премьер-министр Олжас Бектенов мақұлдады.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстанның жаттығулары екі ел аумағында кезекпен өтеді. Оларға құрлық әскерлері, авиация мен арнайы техника қатысады. Тараптар әскери колонналардың шекарадан өту тәртібі, оқу-жаттығу полигондарын пайдалану, медициналық және техникалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша келісімге келді.
Келісім бес жыл мерзімге жасалған және автоматты түрде ұзартылып отырады. Құжаттың күші тараптардың бірі одан бас тартатынын ресми мәлімдегенге дейін сақталады. Билік өкілдері мұндай шаралар армиялар арасындағы өзара іс-қимылды пысықтап, өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Бұған дейін Қарағанды облысының әкімдігі тұрғындарды оқу-жаттығу жұмыстарына байланысты әскери техниканың пайда болуы туралы ескерткен болатын.
Еске салайық бұған дейін Қарағандыда Қарулы күштердің басшылық құрамының оқу-әдістемелік жиыны өткен болатын.