
Bank of America-ның 1 қыркүйектегі есебіне сәйкес, Қазақстан дамушы елдер аймағындағы ең жылдам өсіп келе жатқан экономикалардың ондығына кіреді. Елдің ЖІӨ өсімі 5,7% деп бағаланып, 45 елдің ішінде 10-орынды иеленіп отыр.
Салыстырмалы түрде алсақ, Чехия – 39-орында (1,9%), Польша – 23-орында (3,3%), ал Өзбекстан – 9-орында (5,9%).
Фискалдық жағдайы салыстырмалы түрде қолайлы. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің -2,7%-ын құрап, 16-орынға тұрақтаған. Бұл Польшаға (-6,2%, 38-орын) немесе Румынияға (-8,5%, 41-орын) қарағанда жақсы көрсеткіш.
Ал мемлекеттік қарыз деңгейі бойынша Қазақстан 2-орында, жалпы ішкі өнімнің 20,4%-ы, бұл көрсеткіш бойынша тек Кувейттен ғана қалып отыр. Тіпті мемлекеттік кіріске шаққандағы қарыз деңгейі – 145%, 17-орын. Дегенмен елдің қаржылық тұрақтылығы жоғары болып қала береді.
Алайда инфляция жағынан Қазақстанның жағдайы мәз емес. Мәселен, 10,4%-дық көрсеткіш Қазақстанды ең жоғары баға өсімі тіркелген елдер қатарына қосып, 37-орынға жайғастырды. Салыстырмалы түрде алсақ, Әзербайжан — 33-орында (5,7%), Армения — 19-орында (3,2%), ал Парсы шығанағындағы елдер инфляцияны 1–2% деңгейінде ұстап, алғашқы ондыққа кіреді.
Сыртқы теңгерім де қысымда қалып отыр. Төлем балансының ағымдағы шоты ЖІӨ-нің -3,4%-ын құрап, Қазақстанды 27-орынға жайғастырды. Бұл көрсеткіш Әзербайжанмен (3-орын, +7,8% профицит) және Катармен (2-орын, +10,8% профицит) салыстырғанда айтарлықтай төмен.
Орталық Азия елдерімен салыстырғанда Қазақстанның макроэкономикалық жағдайы біршама теңгерімді көрінеді.
Өзбекстан – 9-орында ЖІӨ өсімі бойынша және 36-орында инфляция жағынан, алайда оның мемлекеттік қарызы жоғары – ЖІӨ-нің 33%-ы (8-орын).
Армения – 13-орында өсім бойынша және 23-орында қарыз деңгейі бойынша, бірақ оның бюджеттік тапшылығы 36-орынға сәйкес келеді.
Парсы шығанағының мұнай экспорттаушы елдерімен салыстырғанда, Қазақстан баға тұрақтылығы мен сыртқы шоттар бойынша ұтылып тұр, дегенмен қарыз көрсеткіштері бойынша әлі де мықты позицияны ұстап тұр.
Осылайша, Қазақстанның макропрофилі былай сипатталады:
- ЖІӨ өсімі жоғары (10-орын),
- Мемлекеттік қарыз өте төмен (2-орын),
- Бірақ инфляциялық тәуекелдер жоғары (37-орын),
- Ал сыртқы теңгерім орташа деңгейде (27-орын).
Бұл жағдай Қазақстанды инвесторлар үшін қолайлы елге айналдырады. Алайда инфляция төмендемесе және ағымдағы шоттың жағдайы жақсармаса, тәуекелге байланысты сыйақы деңгейі жоғары болып қала береді.