
Қазақстанда цифрлық мамандарға арналған Digital Nomad Residency бағдарламасы бойынша алғашқы ықтиярхат Алматы қаласында ресми түрде берілді. Оның алғашқы иесі Павел Филатов есімді азамат. Ол халықаралық тәжірибесі бар Senior Analytics & BI Engineer. Ол Қазақстанды өз кәсіби қызметін жалғастыру мен өмір сүруге қолайлы ел ретінде таңдаған.
Аталған бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылдың қаңтарында іске қосылған болатын. Басты мақсат — әлемнің түкпір-түкпірінен ақылды технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы жетекші мамандарды Қазақстанға тарту.
«Digital Nomad Residency – бұл жай ғана әкімшілік рәсім емес. Бұл Қазақстанның әлемдік цифрлық мамандарға ашық екенін көрсететін символдық қадам. Сонымен қатар, елдің аймақтық технологиялық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтатын маңызды бастама»,– деп жазды Қаныш Төлеушин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі өзінің Instagram желісінде.
Бағдарлама аясында ықтиярхат алу Astana Hub платформасы арқылы толығымен онлайн рәсімделеді. Процедура барынша жеңілдетілген және әлемнің түкпір-түкпірінен келген IT-таланттар үшін қолжетімді.
Қаныш Төлеушиннің айтуынша, бағдарламаға қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Қазіргі уақытта 20 елден 270-тен астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде АҚШ, Канада, Түркия, ТМД елдері бар. Алғашқы визалар Алжир мен Ботсвана мамандарына берілсе, енді алғашқы ықтиярхат та ресімделді.
Кандидаттардың біліктілігін Орталық Азиядағы ең ірі технопарк Astana Hub сараптайды. Бұл технопарктің 2024 жылғы нәтижелері де айтарлықтай:
- Тартылған инвестиция көлемі – 177 млн;
- IT-қызметтер экспорты – 481,5 млн;
- Жалпы табыс – $1,3 млрд.
Еске салсақ бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға 300 мың доллардан артық инвестиция салатын шетелдіктерге виза 10 жылға берілуі мүмкін екенін хабарлаған болатын.