Трамп баж салығын төмендеткеннен кейін жапон автоконцерндерінің акциялары қымбаттады

АҚШ президенті Дональд Трамп Жапониядан экспортталатын көліктерге салынатын баж салығын 15%-ға дейін төмендету туралы жарлыққа қол қойғаннан кейін 5 тамыз күні жапон автоконцерндері мен автоқосалқы бөлшектер жеткізушілерінің акциялары қымбаттады. Бұл шешім қор нарығындағы оптимизмді күшейтіп, жапон автоөндірісінің экспорттық әлеуеті артады деген үмітті нығайтты.
Биржадағы өсім
Токио қор биржасындағы саудада Toyota Motor Corp. акциялары 3,1%-ға қымбаттады, Nissan Motor Co. Құнды қағаздары – 2,4%-ға, ал Mazda Motor Corp. – 2,2%-ға өсті. Сондай-ақ ірі қосалқы бөлшек өндірушілерінің бағалы қағаздары да жоғары динамика көрсетті: Denso Corp. пен Aisin Corp. акциялары 1,5-2% аралығында өскен.
Nomura Securities талдаушысы Такэси Катоның айтуынша, бұл жаңалық жапон автоөндірушілеріне үміт сыйлады.
«АҚШ нарығы жапон өндірушілері үшін ең ірі нарық болып табылады, ал тарифтердің төмендеуі олардың табыстылығына түсетін қысымды азайтады», – деп атап өтті спикер.
Баж саясаты және салдары
Asia.nikkei.com басылымы жүргізген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, жапондық автоқосалқы бөлшек өндірушілерінің 80%-дан астамы баж салығының қосымша шығындарын тұтынушыларға жүктеуге ниетті немесе мұндай қадамды қарастырып жүрген көрінеді. Сарапшылардың пікірінше, бажды төмендетуге қатысты жаңа шешім жағдайды тұрақтандырып, шығындарды азайтуға және жапон көліктерінің АҚШ-тағы бәсекеге қабілеттілігін сақтауға көмектеседі.
Геосаяси және экономикалық жағдай
АҚШ дәстүрлі түрде жапон автокөліктері үшін ең ірі сыртқы нарық саналады – мұнда жыл сайын миллиондаған жапон маркалы көліктер сатылады. Ақ үйдің шешімі Қытай мен Еуропамен бәсекелестік күшейіп тұрған шақта және АҚШ-тағы сайлауалды кезеңде қабылданды. Азия елдерімен сауда саясаты АҚШ-тағы басты тақырыптардың бірі болып отыр.
Mitsubishi UFJ Research & Consulting аға экономисі Кадзуо Ямамотоның айтуынша, бұл қадам саяси тұрғыдан да маңызды.
«Бұл қадам АҚШ пен Жапония арасындағы сауда қатынастарындағы шиеленісті уақытша азайтуы мүмкін, алайда көп нәрсе Вашингтондағы саяси жағдайға байланысты болады», – деді сарапшы.
Сарапшылар тарифтік режимнің жеңілдеуі жапон көліктері мен қосалқы бөлшектерінің АҚШ-қа экспортын қолдайды және қысқа мерзімде акциялардың өсуіне қосымша серпін береді деп болжауда. Дегенмен, өндірушілер жаһандық саудадағы тұрақсыздық пен жаңа шектеулер тәуекелдерін ескере отырып, сақтық танытуда.
Еске сала кетсек, жыл басында Ақ үй басшысы Қытайға 50% салық салатынын мәлімдеген еді. Соынмен қатар Трамп АҚШ-қа Қазақстаннан жеткізілетін тауарларға 25% баж салығын салды.