Талғарда полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігіне қатысты іс қозғалды

Алматы облысының прокуратурасы Талғар ауданы полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұған себеп – 6 қыркүйекте Кызылқайрат ауылында болған кісі өлтіру мен кәмелетке толмаған қызды ұрлау дерегіндегі полицейлердің әрекетсіздігі.
Прокуратура мәліметінше, аталған іс Қылмыстық кодекстің 370-бабы, 4-бөлігі («Лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі») бойынша тіркелген. Оларға бұрын зорлау фактісі бойынша күдікке ілінген азаматты ұстауға шара қолданбаған деген айып тағылып отыр. Кейін дәл осы күдікті елді дүр сілкіндірген қылмысқа барған: ер адамды атып өлтіріп, жас қызды ұрлап әкеткен.
Іс арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданды. Тергеу барысы облыс прокуратурасының ерекше бақылауында, – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар прокуратура тұрғындарды жалған ақпарат таратпауға шақырып, тек ресми дереккөздерге сенуге үндеді.
Еске сала кетейік, Талғарда ер адам бұрын жақын қарым-қатынаста болған әйелінің ағасын мылтықпен атып өлтіріп, кішкентай қызын алып қашқан. Алайда құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында бала аман-есен құтқарылып, анасымен қауышты. Күдікті қамауға алынды.
Қазіргі уақытта кісі өлтіру және адам ұрлау фактілері бойынша бөлек қылмыстық істер тергеліп жатыр.