«Ұрлау мен кісі өлімі: Талғарда қылмыскер бүлдіршінмен бірге жардан құлады

Алматы облысындағы, аты шулы Талғар ауданында тағы бір қайғылы оқиға орын алды. 6 қыркүйек күні Қызыл-Қайрат ауылында ер адам ауыл тұрғынын атып өлтіріп, 2 жасар жиенін ұрлап әкеткен. Кейінірек арнайы жасақ бүлдіршінді құтқарып, анасына табыстады. Жәбірленуші тарап пен адвокат Гаухар Сариева жаңа мәліметтермен бөлісті.
Адвокаттың айтуынша, 1998 жылы туған күдікті бұған дейін автокөлікке байланысты алаяқтық дерегі бойынша тергелген. Жәбірленуші Аружан медбике болып жұмыс істейді.
Қорқыту мен қысым
Ардвокаттың сөзінше, күдікті бір ай бойы Аружанмен байланысын үзбей, қоқан-лоқы көрсеткен. «Зорлады деп арыз жазып қояды» деп қорқып, тәулік бойы қоңырауды қосулы ұстатып отырған. Қысымға төзе алмаған Аружан өзіне қол жұмсамақ болып, дәрі ішкен. Дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалған.
Аружан полицияға арыз жазғаннан кейін күдікті мылтық ұрлап, көшеде жәбірленушінің ағасын атып өлтірген. Марқұмның жұбайы жүкті, артында үш баласы қалды.
Екі жасар қызды ұрлау және апат
Үйде болмаған Аружанның орнына күдікті екі жасар қызын алып кеткен. Артынша көлігімен бірге таудан құлаған. Көлік қирап қалса да, сәби мен күдіктінің өзі аман қалған. Қыздың тілі жарақат алып, дәрігерлер дереу ота жасады.
Баланы толық тексердік, өміріне қауіп жоқ. Көлік апатынан тілі жыртылып, оған сегіз тігіс салынды, – деді дәрігерлер.
Марқұмның жақындары қара жамылып, әлі де үрей құшағында отырғанын айтады. «Шерзаттың үйін өртегендей, бізді де өртеп кетпей ме» деп алаңдаулы.
Бұрынғы арыз қаралмаған
Адвокат Сариева күдікті осыған дейін де Аружанды зорлады деген айыппен тергелгенін, алайда полиция тиісті шара қабылдамағанын мәлімдеді. Бірнеше күн бұрын күдіктіні ұстағанымен, ертесінде босатып жіберген. Одан кейін жәбірленушіге қайта қоңырау шалып, қорқыта бастаған.