
Astana International Exchange (AIX) жаңа сервис іске қосылғанын хабарлады. Енді биржа листингке қабылданбайтын бағалы қағаздарды шығару, сақтау және есеп айырысу қызметін көрсетеді.
Мұндай бағалы қағаздарды тек кәсіби инвесторлар саудалай алады . Олар AIX алаңында ресми саудаға түспейді, тек биржадан тыс нарықта (OTC) сатылып алынады. Есеп айырысу AIX-тің Орталық депозитарийі арқылы жүргізіледі.
Алғашқы осындай шығарылым BRIG жеке меншік инвестициялық қоры үшін жасалды. Қорды АХҚО-да лицензиясы бар SQIF AM Ltd компаниясы басқарады.
AIX басқарма төрайымы Асель Мұқажанова бұл қадам клиенттердің сұранысына жауап екенін атап өтті:
«AIX бизнестің дамуына жағдай жасау үшін биржадан тыс мәмілелерге арналған жаңа алаң ұсынып отыр».
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының даму аясында құрылды. Оның акционерлері – АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және NASDAQ. Биржа ағылшын құқығына негізделген ережелермен жұмыс істейді.
Жақында ағылшын компаниясының бағалы қағаздары AIX биржасында саудалана бастаған.