Шардарада әкесін қорлап, ұрған адам кім?

Түркістан облысы Шардара ауданында әкесін балағаттап, ұрып-соққан еркектің кім екенін Kursiv.Media тілшісі анықтап көрді.
Шардара ауданы Қоссейіт ауылдық округінің қызметкерінің (аты-жөнін атамауды жөн көрдік – ред.) сөзінше, баласының қорлығы мен таяғын көрген 70 жастағы зейнеткердің жаназасы 4 қыркүйек күні шығарылған. Марқұм бұған дейін ауылдағы кенже баласының қолында тұрған. Екінші ұлы үй алғаннан соң әкесін қолына алған.
«Бізде видеоны сіздер сияқты әлеуметтік желіден көріп, таңғалдық. Оның әкесін ұратынын бұрын-соңды естімедік», – дейді әкімдік қызметкері.
Оның айтуынша, әкесін ұрған еркектің жасы 41-де. Екі баланың әкесі. Бұған дейін отбасымен ауыл мешітінің жанындағы үйде уақытша тұрған. Өзі ауылдағы мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс істейді.
«Зейнеткердің үш ұлы, екі қызы бар. Екі ұлы ауылда тұрады. Өзі қан қысымымен есепке алынған. Грыжасы бар екен. Өздігінен жүріп тұра алмайды. 3 ай бұрын үй алып, әкесіне қараймын деп інісінің үйінен алып кеткен екен. Бұл оқиға содан кейін болып тұр ғой. Оның әкесін ұратыны ойымызға кіріп шықпаған ғой. Көріп жағамызды ұстадық қой. Мұндайды ешкімнің басына салмасын», – деді ол.
Әкімдік қызметкері әкесінің жаназасынан кейін, ұлын полиция алып кеткенін, тергеу басталғанын, күдікті ұсталып қамауға алынғанын айтады. Полиция күдіктінің әйелін де тергеуге шақырып, кейіннен үйіне жіберген. Ал марқұм қарияның әйелі, күдіктінің анасы біраз жыл бұрын қайтыс болған.
Кеше баласы әкесін қорлап, ұрып-соққаны туралы видео әлеуметтік желіге тарап, қызу талқыға түскен еді. Артынша полиция күдікті ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.