Шымкенттік мотоциклист 18 мың шақырым жолды 44 күнде жүріп өтті

Жарияланды 8 Қыркүйек 2025 15:50

Дилара Иса

Дилара Иса

Автор
Шымкенттік мотоциклист Магаданға барып келді/ Фото: Вячеслав Тя архивінен

Шымкент қаласының тұрғыны 55 жастағы Вячеслав Тя 18 мың шақырым жерді жүріп өтіп, Магаданға мотоциклмен саяхаттап келген. Бұл аралықты 44 күнде еңсерген. Саяхатшы Kursiv.Media қызық әрі қиын сапардың қыр-сырын айтып берді .

8 жылдық дайындық

Шымкент қаласының тұрғыны 55 жастағы Вячеслав Тя Шымкенттен Ресейдің Магадан қаласына мотоциклмен жалғыз өзі барып қайтты. Ол Шымкенттен шілде айының ортасында жолға шығып, 44 күннен кейін 25 тамызда үйіне оралған. Қалаға келгеніне он күндей болғанымен «енді ес жиып жатырмын» дейді саяхатшы.

Фото: Вячеслав Тя архивінен

«Шынымды айтсам, енді-енді өзіме келдім. Ұзақ жол, денеге күш, салмақ түсті. Ауырғаннан денемді ала алмай қалдым. Оның үстіне үйде де, жұмыс жиналып қалған. Өзіме келген соң үш күн мотоциклімді тазалап, ретке келтірдім. Енді міне, қалыпты өмірге қайта оралып жатырмын» дейді Тя.

Вячеславтың Шымкентте шағын жарнама агенттігі бар. Отбасылы. Оның мотоциклге әуестігіне, онымен жиі сапарлайтынына жақындары түсіністікпен қарайды. Бұл оның хоббиі деуге болады.

Тя мотоцикл айдауды бала кезінен үйренген. Араға уақыт салып мотоциклге қайта отырған. Қазір оның екі мотоциклі бар. Бірі -жаңа, екіншісі ескі болғанымен жол талғамайды, ұзақ сапарға шығуға ыңғайлы. Бұл жолы ол ескі мотоциклімен жолға шыққан.

Вячеслав бұл сапарға ұзақ дайындалғанын айтады. Шамамен 8 жылдай уақыты кеткен. Сапарға бір жарым миллион теңге жұмсаған. «Ұзақ әрі ауыр, қиын да қызық сапарға шығу әр мотоциклистің мақсаты», дейді ол.

Магаданға сапар

Фото: Вячеслав Тя архивінен

«Магаданға бару, меніңше, бұл әуелі сынақ. Күш, моральдық әрі психологиялық және қаржылық тұрғыдан өзіңді сынау. Сапарға шығу алдында сұрақтар көп болады. Мысалы, техника жолда сынып қалуы мүмкін. Жалғызсың, ешкімге арқа сүйей алмайсың. Көп жағдайда алдыңнан шыққан мәселені өзің шешуің керек. Яғни, сапар бағытын таңдайсың, жүру кестесін түзесің, күш-жігеріңді есептейсің, тамақтану, демалу орнын белгілейсің. Өз қауіпсіздігіңе өзің жауаптысың», дейді Тя.

Магадан қаласы Ресейдің солтүстік аймағында орналасқан. Ауа райы қолайсыз, ел есінде түрмелерімен сақталған. Вячеслав бұл қалаға Шымкенттен барып-келу үшін жалпы ұзақтығы 18 мың шақырымнан аса жол жүрген. Түзу, таулы, тасты жерден бөлек топырақты жолды да басып өткен. «Ең қиыны топырақты жермен жүріп өту болды», дейді ол. Саяхатшы кез келген төтенше жағдайға әзір болуы үшін өзімен бірге ең қажетті заттарын салып алған.

Фото: Вячеслав Тя архивінен

«Жолда мотоциклім бұзылып қалды. Құлап, қолымды жарақаттап алдым. Ауа райында үлкен айырмашылық болды». Неге мотоциклмен саяхаттайсың, одан көлік жайлы ғой» дегендер болды. Оның өз реті бар. Жер көресің, ел көресің. Табиғатты тамашалайсың. Жүрген сайын елмен бірге табиғат та, ауа райы да өзгереді. Қазір жазық далада кетіп бара жатсаң, түнде орманның ортасынан өтесің. Осындайда жер шағын екеніне көзің жетеді. Жол жүрген сайын соның бәрін жан-тәніңмен сезінесің. Мысалы, Шымкенттен 40 градустан асатын аптап ыстықта шықтым. Бір айдан соң, Тында ауылына болдым. Онда ауа райы шамамен 12 градус жылы болды. Магаданға жақындаған сайын жауын-шашын көбейді», дейді Тя.

Мұндай саяхат адамға не береді?

Тяның айтуынша, мұндай сапарлар адамның жеке қалып ойлануына, айналаңда не болып жатқанын електен өткізуге, адамдардың қалай өмір сүріп жатқанын салыстыруға мүмкіндік береді. Дегенмен ол үйіңе асығасың деп отыр.

«Көп сапарладым. Ел, жер көрдім. Бірақ ешқайсысы Шымкентке жетпейтінін түсіндім. Біздің қала ықшам, жайлы әрі таза. Мұнда әрбір уақытың бағалы, есептеулі. Мысалы, осы сапарда да жолда адамдардың жеміс-жидек теріп жүргенін көрдім. Балық аулап жүргендерді байқадым. Ал бізде уақыт жоқ. Қыз-қыз өмір», дейді ол.

Вячеслав жолда қиындыққа тап болғанда жақсы адамдар жиі кездескенін айтады. Телефонын жоғалтып алғанда, полиция тауып берген. Жол-көлік оқиғасына түсіп, қолын жарақаттағанда, ауыл тұрғындары қол ұшын созған. Мотоциклі бұзылғанда, сатушылар тегін көмек көрсеткен. Мұның бәрі ұзақ сапардан алатын рахаттың бір бөлігі. Ал табаны елге тиіп, үйге жеткенде мақсаты орындалғанын түсінген. «Мотоциклмен саяхаттаудың сыры да осында», дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыз