Түркістанда қарт әкесін аямай соққыға жыққан баласы қамауға алынды

Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Шардара ауданында қартайған мүгедек әкесін баласы аяусыз соққыға жыққан видео тарады.
Видеодан көшеде және үй ауласында баласы мен келіні сөйлей алмайтын, өздігінен жүріп-тұра алмайтын әкесін сүйреп бара жатқанын көруге болады. Баласы әкесін балағаттайды, жүре алмағаны үшін әкесін бірнеше рет ұрып-соғады. Алған соққыдан қарияның аузы қанап кеткенін байқауға болады. Бірақ қария бұған жауап қатпайды. Ал келіні араша түспейді.
Кеше әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қатты шулаған соң облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Болған оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу амалдары жүруде» делінген полиция хабарламасында.