Тоқаев білікті мамандарды ұлтына қарамай шетелден шақыруды тапсырды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Білікті мамандар шетелден шақырылады/фото: shutterstock

Инновациялық саясат Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беріледі. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтты.

«Министрлік және ғылым академиясы бірлесіп, ғылыми институттар мен ЖОО үйлестіру ісімен белсенді айналысуы керек. Жасанды интеллектіні қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болады», – дейді президент.

Сондай-ақ президент білікті мамандарды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізуді тапсырды. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн. Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасаған жөн. Себебі елімізге білікті мамандар қажет.

«Әсіресе, техникалық мамандықты меңгерген өз ісінің шеберлері қажет», – дейді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, еңбек нарығын, әсіресе көші-қон мәселесін реттеу саласында есепке алудың орталықтандырылған жүйесі жоқ. Бұл жағдай осы саладағы болжау жұмысының сапасына және шешімдердің тиімділігіне кесірін тигізеді. Үкімет ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуге тиіс. Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы жұрттың бәрі тұрғысы келетін ірі қалаларымыздың инфрақұрылымына орасан салмақ түсіріп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз