Аймағамбетов несиесі бардың бәрін атаулы көмектен қағу дұрыс емесін айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға қатысты енгізілетін өзгерістерге қатысты пікірін білдірді.
Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы төлемді тағайындарда несиесі бар адамдар оны не үшін алғанын ескеру керек деп санайды.
«Бүгінде кей азаматтар каспи рэд арқылы азық-түлік алып отыр. Сондықтан министрлік реформаны жүзеге асырғанда тереңерік үңіледі деп ойлаймын. Егер несие сән-салтанат заттары үшін алынса, оның жөні бөлек, ал азық-түлікке, баласын оқытуға алса, ол бөлек. Меніңше, осындай бөлініс болады, оны министрлік ескереді», – дейді депутат.
Еңбек министрлігі бұрын атаулы әлеуметтік көмекті тағайындағанда, азаматтардың табысын санайтын. Бұл кей азаматтардың табысын жасырып, көмекті алу үшін жалақыны «конвертпен алу» амалдарын жасауына әкелген.
Енді атаулы әлеуметтік көмекті тағайындағанда отбасының табысымен қатар, шығыстары, несиелері, депозиттері және мүлкі де ескерілетін болады.