Жаңалықтар

Бір палаталы парламент Қазақстанға не береді

Бір палаталы парламент Қазақстанға не береді
Бір палаталы парламент Қазақстанға не береді / фото: видео кадры / jana suqbat

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында сенатты қысқарту арқылы бір палаталы парламент құру туралы бастама көтеріп, ол бойынша 2027 жылы референдум өтуі мүмкін екенін айтты. KursivMedia осы ретте саясаттанушы Дос Көшімнен атаулы өзгеріске қатысты пікір алды.

«Артығын алып тастау»

Ұзақ жылдан бері саяси оқиғаларды бақылап, оларға баға беріп келе жатқан сарапшы аталған бастама, шынымен де, көптен бері айтылып, ұсынылып келе жатқанын, «сенатты қысқарту – жүйенің артық бөлігін алып тастау» әрекеті екенін айтады.

«Сенаттың артық екені 90-жылдардан бері айтылып келді. Енді ол артық болса, оны не үшін жасады деген сауал туады. Бұл тұста сенат экс-президентке керек болды. Ол оны өзінің қалқаны етіп ұстау үшін құрды. Мәжіліс ұсынып, қоғам қарсы болған нәрселерді сенат арқылы қайтарып отыратын. Сол арқылы экс-президент жақсы адам болып көрінетін. Сенат сол үшін керек болды», – дейді саясаттанушы.

«Аралас жүйені сақтаған дұрыс»

Жолдауда президент «бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын» дегенді айтты. Ал саясаттанушы «дәл қазіргі жағдайда аралас жүйені сақтаған дұрыс» деген пікірде. «Өйткені Қазақстанда шынайы көппартиялы жүйе құрылған жоқ».

«Біз көппартиялық жүйені жасай алған жоқпыз. Егер классикалық көппартиялық жүйені қалыптастыра алған болсақ, онда идеяны құптар едім. Біздегі партиялар көппартиялы жүйеге жатпайды. Бізде заңды атқарушы билік жазады. Бұл – нонсенс. Біз әуелі заңды өзі әзірлейтін шынайы көппартиялық жүйені құрып алуымыз керек», – дейді ол.

«Партиялық жүйе сайлаушылардың құқығын шектей ме»

Аралас жүйенің жақтаушылары ешбір партияға мүше емес азаматтардың сайлану құқығын айтып, партиялық тізім бойынша сайлану тәртібін сынайды. Алайда саясаттанушы саяси белсенділігін жүзеге асырғысы келген адам мұны саяси партиямен-ақ жасай алатынын айтады.

«Негізі көптеген адам саясатқа шындап жолағысы келмейді. Сондықтан мұнда «жаппай халықтың құқығы шектеліп жатыр» деу қиын. Құқықтың шектелуі деген қызық өзі. Мәселен, демократиялық дейтін АҚШ-та бүкіл халық сайлаушы бола алмайды. Ол жақта сайлаушы болып тіркеледі. Ол үлкен процедура. Ал партиялық жүйеде саясатқа араласқысы келетіндер партияға өтіп, өзінің ұстанымын, бағытын, көзқарасын білдіре алады. Егер өзіне ұнайтын партия болмаса, пікірлестер жиналып, партия құра алады. Бұл жерде пәлендей құқықтың шектелуін көрмеймін», – дейді ол.

Бір палаталы парламентте қанша депутат болуға тиіс

Жолдаудан кейін кулуарда пікір білдірген мәжілісмен Ермұрат Бапи бір палаталы парламентте депутаттар саны кемі 200 болуы керек деген пікір айтты. Дос Көшім көп елдерде бұл халық, не болмаса сайлаушылардың санына қарай есептелетінін, Қазақстан да соған жүгінгені жөн екенін атап өтті.

«Бізде 13 млн-дай электорат бар. Егер осы формуланы басшылыққа алсақ, 130 депутат болуы керек. Бұл аспаннан алған сан емес, логикаға сай болып шығар еді», – дейді Дос Көшім.

Бір палаталы парламент Қазақстанға не береді

Дос Көшім парламент құрылымының өзгергенінен саяси өзгеріс күтпейді. Бастаманы бар болғаны «бұрыннан айтылып келе жатқан ойды жүзеге асыру, жүйедегі артық нәрсені алып тастау» деген алдыңғы ойымен сабақтайды.