Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту керек – Тоқаев

Президент Қ.Тоқаев дәстүрлі жолдауы барысында елде мемлекеттік ұйымдар мен компаниялар негізсіз көбейіп кеткенінен айтты.
Оның сөзінше, бұл кәсіпорындардың толыққанды дамуына мүмкіндік бермей отыр.
«Елімізде мемлекеттің үлесі бар ұйымдар 25 мыңға жуықтайды. Көпшілігінің қызметі мен құрылымы сын көтермейді. Қисынға да келмейді. Қазір коммерциялық емес міндеттерді орындау үшін коммерциялық әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылып жүр. Соның салдарынан түрлі шығындар артып, корпоративті органдар көбейіп кетті. Нақты нәтижеге назар аударылмайды», – деді президент.
Ол стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігіне үкіметпен бірлесіп , мемлекеттік секторды реформалау туралы нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұл мақсатта қажет болса, арнайы жарлық шығаруға дайын.
KursivMedia президент жолдауынан тікелей трансляция жүргізіп жатыр.