
Қазақстанның Бас Прокуроры Б.Асылов пен Сингапур Әділет министрі Э.Тонг Қазақстан мен Сингапур арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қойды. Бұл Сингапурде өткен Прокурорлардың халықаралық ассоциациясының 30-шы конференциясының аясында жүзеге асқан.
Бас прокуратураның мәліметінше, аталған келісім қылмысқа қарсы күреске, соның ішінде күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін айғақтарды жинауға, сондай-ақ заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға бағытталған.
Берік Асылов әлемдік қаржы орталығының алдыңғы қатарындағы және жаһандық сауда-инвестициялық ағындардың негізгі торабы болып саналатын Сингапурмен мұндай келісімнің жасалуы Қазақстан үшін өте маңызды екенін атап өткен.
Конференцияға 70-тен астам елдің жоғарғы қадағалау органдарының басшылары қатысқан. Іс-шара барысында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, цифрлық дәлелдемелерді пайдалану, активтерді қайтару, сондай-ақ қылмыстың жаңа түрлеріне және қауіп-қатерлеріне тиімді әрекет ету мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Бұған дейін, Бас прокурор елде азаптау фактілері үш есеге қысқарғанын айтқан.