Тоқаев: Біріккен Ұлттар Ұйымына әлі күнге дейін еш балама жоқ

Қазақстан маңызды халықаралық проблемаларды шешуге өз үлесін қосып келеді. Бқл туралы президент дәстүрлі жолдауы барысында айтты.
«Жақында мен Қытайға ресми сапармен бардым. Онда мәңгі стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселелері бойынша табысты келіссөздер өтті. Менің Түркияға және Қырғызстанға сапарларым да сәтті болды. Осы жылдың соңына қарай мен Ресейге және Өзбекстанға барамын. Астанада Әзербайжан, Армения, Түрікменстан басшыларын қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ Азияның, Еуропаның, Африканың бірқатар мемлекет басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізу жоспарланған. Қазақстан-Америка сұхбаттастығы да белсенді жалғасып келеді. Еуропа одағымен сан салалы байланыстарымызды күшейтіп жатырмыз, – деді ол.
Сондай-ақ ол биыл айтулы даталарға толы жыл болғанын атап өтіп, оның ішінде екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толған датаға ерекше маңыз берді.
«Мәскеуде және Бейжіңде өткен салтанатты іс-шаралар адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың ондаған миллион құрбаны әлем халқының жадында мәңгі қалатынын аңғартты. Сондай-ақ бәрімізді сол бір қанды қырғынға қайта баға беруден және жаңа дүниежүзілік соғыс бастауға ұмтылудан аулақ болуға шақырды. Барлық ел өсіп-өркендеу үшін бейбітшілікті сақтап, ортақ мәмілеге келе білуі керек. Мың шыж-быждан бір сіз-біз артық. Сол себепті Қазақстан Аляскада өткен Ресей-АҚШ саммитінің нәтижесіне, сондай-ақ Вашинтонда Президент Трамптың арағайындығымен Әзербайжан мен Арменияның бейбітшілік туралы декларацияға қол қойғанына қолдау білдірді», – деді президент.
Мемлекет басшысы екінші айтулы дата ретінде Екінші дүниежүзілік соғыстың басты институционалдық қорытындысы саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы екенін жеткізді.
«Біріккен Ұлттар Ұйымына әлі күнге дейін еш балама жоқ. Қазақстан оны көкейкесті халықаралық мәселенің бәрін әділ шешу жолындағы негізгі келіссөз орны бола беруге тиіс деп санайды. Дегенмен Біріккен Ұлттар Ұйымын, әсіресе, оның ең басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын кез келді. Мен жақында Нью-Иорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөз сөйлеймін. Басқосуда халықаралық ахуалға, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауға қатысты Қазақстанның көзқарасын білдірмекпін», – деді ол.
Сондай-ақ президент жолдау барысында БҰҰ қазіргі мәселелерді шешуге қауқарсыз екеніне назар аударған.