Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы қашан басталады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
АЭС құрылысы қашан басталады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы 10-12 жылға созылуы мүмкін. Қазір Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында инженерлік ізденіс жұмысы жүріп жатыр. Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, халықаралық стандартқа сәйкес, бұл жұмыс кемі екі жыл уақыт алады. Жоба-сметалық құжатын жасау, құрылысқа дайындық кемі 3 жылға созылуы ықтимал. Содан кейін ғана станция құрылысы басталмақ.

«Одан кейін жоба-сметалық құжаттарына түзету енгізіледі. Сосын бұл құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылыс бастауға рұқсат алуы тиіс», – деді агенттік төрағасы.

Нәтижесінде Сәтқалиев атом электр станциясының құрылысы 10-12 жылға созылуы мүмкін екенін ескертті.

«АЭС өндіретін энергия құны станция құрылысна кеткен қаржыға байланысты болады», – деп атап өтті Сәтқалиев.

Бұл станция құрылысына Ресей қарыз беретіні белгілі. Қос тараптың қаржы министрліктері осы мәселені талқылап жатыр.

Қазіргі кезде екінші және үшінші АЭС-ті салып беруге ниетті қытайлық компаниямен де келіссөз жүріп жатыр. Нақты келісімге әлі қол қойылмаған. Сәтқалиевтің айтуынша, алдымен бұл станциялар салынатын жер анықталып, құжаты жасалып, қайдан қаржыландырылатыны анықталуы керек.

АЭС құрылысының ізденіс жұмысы 2025 жылдың 8 тамызында басталған. Осы кезеңде табиғи, геологиялық, сейсмикалық, гидрологиялық және техногендік сипаттамаларды егжей-тегжей зерттеуге бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз