Алдағы үш жылда 3 жоғары технологиялық кәсіпорын іске қосылмақ

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен металлургия кешенін дамытуға басымдық берілетінін мәлімдеді. Алдағы үш жылда кемінде үш жоғары технологиялық кәсіпорын іске қосылуы тиіс. Үкіметке көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірнеше жоба жүзеге асыру тапсырылды.
Мемлекет басшысы соңғы бес жылда өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны екі есе өсіп, 17 трлн теңгеге жуықтағанын айтты. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 12,4% құрады. Өткен жылы 163 жаңа өндіріс іске қосылып, 12,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.
Президенттің сөзінше, Алматы, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында машина жасау мен металлургия саласында ірі кәсіпорындар жұмысын бастаған. Биыл Алматыда Қазақстандағы ең ірі автокөлік өндірісі іске қосылды.
«Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру қажет. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс», – деді Тоқаев.
Президент тау-кен металлургия саласының ел экономикасындағы үлесі 8% екенін атап өтті. Оның айтуынша, сирек кездесетін металдар мен өзге де стратегиялық материалдардың маңызы артып келеді, Қазақстан осы салада әлемдік өндірістік және сауда тізбектерінде өз орнын нығайта алады.
Алдағы үш жылда кемінде үш жоғары технологиялық кәсіпорын іске қосылуы тиіс. Үкіметке көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірнеше жоба жүзеге асыру тапсырылды. Атырауда газ-химия кешенінің құрылысы жүріп жатыр, Павлодарда сұйытылған газды терең өңдеу жобасы қолға алынған.
Бұған дейін Тоқаев мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту керек екенін айтқан.