Әлемдік нарықта алтын бағасы тағы рекорд орнатты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Алтын бағасы неге қымбатттап жатыр/Фото: kursiv.media

8 қыркүйек күні алтын бағасы жаңа тарихи рекорд орнатты. Күн ішінде spot нарығында унциясына 3 600–3 616 доллар деңгейінде саудаланып, бұрынғы межені жаңартты. Ал COMEX биржасындағы фьючерстердің бағасы 3 657доллар/унцияға дейін көтерілді. Бұл өсімге бірнеше фактор әсер еткен.

Біріншіден, ақша-несие саясатындағы өзгерістер. Нарық қатысушылары АҚШ Федеральды резерв жүйесі 16–17 қыркүйектегі отырысында пайыздық мөлшерлемені төмендетеді деп болжап отыр. Кейбір ірі банктер тіпті алғашқы қадам ретінде 0,25 пайыздық пунктке қысқартуды күтіп отыр. Мұндай шешім нақты табыстылықты азайтып, алтынды тиімді инвестицияға айналдырады.

Екінші себеп – доллардың әлсіреуі. АҚШ долларының индексі (DXY) 97,7 шамасында төмендеді. Доллар арзандаған кезде, әдетте алтын бағасы қымбаттайды, өйткені ол басқа валюталарда да қолжетімді бола түседі

Үшіншіден, инвесторлар сұранысы жоғары. 2025 жылдың тамызында алтынға байланған биржалық қорларға (ETF) үшінші ай қатарынан жаңа қаражат құйылды. Жалпы активтердің көлемі 5%-ға өсіп, жаңа рекордқа жетті. Әлемдегі ең ірі алтын қоры GLD үлестері де жоғары деңгейге көтерілді.

Орталық банктердің алтынды көптеп сатып алуы да бағалы металл бағасына әсер етеді. Соңғы жылдары көптеген елдің орталық банктері алтын қорын молайтып жатыр. 2025 жылы да бұл үрдіс жалғасуда. Бағаның қымбаттауына қарамастан, олар резервтерін әртараптандыру үшін алтын алып жатыр.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, 27 тамыздан бері үздіксіз қымбаттап келе жатқан алтын бағасы 61 455 теңгеге жетіп, дүйсенбі күні сәл арзандады. Қазір бір грамм алтын 61 370 теңге тұрады.

Сондай-ақ оқыңыз