Жетімнің күйін кешіп тұр: Президент инвестиция тарту жүйесін жаңғыртуды тапсырды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында инвестиция тартуды күшейту қажет екенін айтып, арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды.

«Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр», – деді президент.

Шикізат саласына құйылып жатқан қаржы қомақты екенін атап өткен мемлекет басшысы қазір үкіметтің басты мақсаты басқа – өңдеу салаларына қаржы тарту екенін атап өтті.

«Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзбен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттік инвестиция мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет. Ірі инвесторлармен қатар, орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет», – деді Тоқаев.

Бұл ретте президент еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесін күрделі екеніне назар аударды. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың қызметі қайталады.

«Қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе. Бізге жаңа ұстаным керек», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция саласын үйлестіре жұмысын тікелей премьер-министр – Олжас Бектеновке жүктеді.

«Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ. Бірақ көзге оттай басылатын нәрсе – елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті жетім бала сияқты, үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр. Сондықтан премьер-министр 10 күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс», – деді ол.

Бұдан бөлек, Тоқаев Үкіметке инвестиция жүйесін түгел жаңғыртып, нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Kursiv.Media президент жолдауынан тікелей трансляция жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз