
Өткен апта әлемдік қаржы нарықтары үшін айтарлықтай маңызды кезең болды. Инвесторлар мен сарапшылардың назары ең алдымен АҚШ-тағы еңбек нарығының көрсеткіштеріне, ФРЖ-ның алдағы шешімдеріне және шикізат нарықтарындағы өзгерістерге ауды. Әсіресе алтын бағасының жаңа тарихи максимумға жетуі мен мұнайдың арзандауы апта оқиғаларының басты ерекшеліктері болды. Қазақстандық қаржы нарығы да бұл процестерден тыс қалған жоқ.
АҚШ нарығы – күту режиміндегі инвесторлар
Аптаның басында фьючерстер бойынша S&P 500 индексі 0,84%-ға өсіп, 6513 пунктке дейін көтерілді. Бұл көрсеткіш жаңа тарихи рекорд болып тіркелді. Дегенмен, апта соңында индекстің қозғалысы баяулап, 6481,51 деңгейінде жабылды (–0,12%). Dow Jones индексі де төмендеді – апта қорытындысы бойынша –0,42%, 45 400,87 пунктке дейін шегінді.
Негізгі себеп – АҚШ еңбек нарығына қатысты күткен мәліметтер. Сарапшылардың ортақ болжамы бойынша, Nonfarm Payrolls көрсеткіші тек 78 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуын көрсетеді. Бұл – соңғы жылдардағы ең төменгі өсімдердің бірі. Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейі 4,2%-дан 4,3%-ға өсуі мүмкін деген де пікірлер бар. Мұндай әлсіз көрсеткіштер ФРЖ-ның қыркүйектегі отырысында пайыздық мөлшерлемені 0,25 пайыздық пунктке төмендету ықтималдығын арттыра түседі. Егер бұл сценарий орындалса, онда қазан айында тағы да мөлшерлемені азайтуға жол ашылады.
Еуропа мен Азия – аралас динамика
Еуропа нарықтарында айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. FTSE 100 индексі –0,09% төмендеп, 9208,21 деңгейінде жабылды. Инвесторлардың көңіл-күйіне негізінен АҚШ-тың еңбек нарығына қатысты күткен мәліметтер әсер етті.
Азияда көрсеткіштер біркелкі емес: Гонконгтың Hang Seng индексі +1,29% өсіп, 25 417,99 деңгейіне жетті. Бұл – аймақтағы кейбір технологиялық компаниялар акцияларының қымбаттауымен байланысты. Ал Шанхай биржасының негізгі индексі Shanghai Composite –0,79% төмендеп, 3812,51 пунктке түсті. Қытай экономикасына қатысты баяу өсім, жылжымайтын мүлік секторындағы дағдарыс бұл индекс үшін қысым факторына айналды.
Ресей нарығы
Мәскеу биржасының индексі аптаны +0,26% өсіммен аяқтап, 2901,45 деңгейінде тіркелді. Энергетикалық және металлургиялық сектор акциялары ресейлік нарықты қолдады.
Қазақстан нарығы – тұрақты өсім
Қазақстандық KASE индексі +1,18% өсіп, 7075,32 пунктке жетті. Бұл – соңғы апталардағы сенімді өсімнің жалғасы. Компаниялар акциялары бойынша аралас көрсеткіш байқалды:
- Bcc.kz (+7,01%) және Halyk Bank (+2,80%) көшбасшы атанды.
- ҚазМұнайГаз (–1,70%), Freedom Holding (–1,21%) және Kcell (–0,21%) төмендеу көрсетіп, нарықтағы жалпы өсімді тежеді.
Жалпы алғанда, қазақстандық акциялар нарығы шетелдік инвесторлар үшін тұрақтылықтың белгісін көрсетіп отыр.
Шикізат нарығы – мұнай әлсіреп, алтын күшейді
Мұнай Brent бағасы апта ішінде –2,49% төмендеп, $65,66 деңгейінде тұрақтады. Мұнай бағасына қысым көрсеткен басты фактор – ОПЕК+ альянсының қыркүйектен бастап өндірісті ұлғайту жоспары. Алдағы 7 қыркүйекте ұйымның кеңейтілген отырысында өндірісті тәулігіне тағы да 1,6 млн баррельге арттыру мәселесі қаралуы мүмкін. Бұл жағдай әлемдік нарықтағы мұнай бағасын қосымша төмендетуі ықтимал.
Алтын бағасы аптадағы ең ірі жетістікке қол жеткізді. Құнды металл +3,89% қымбаттап, $3590 деңгейінде жабылды. Бұл – тарихи рекорд. Алтынға сұраныстың артуы АҚШ экономикасының баяулауына деген алаңдаушылықпен байланысты. Инвесторлар тәуекелі жоғары активтерден кетіп, «қауіпсіз айлақ» саналатын алтынға бет бұрды. Егер баға $3530–3550 диапазонынан жоғары деңгейде сақталса, онда келесі мақсат – $3630–3650 аралығы.
Биткоин да оң динамика көрсетті: +1,83% өсіп, $1104 шамасында саудаланды. Дегенмен, криптовалюта нарығында айқын тұрақтылық байқалмайды.
Валюта нарығы – теңгенің нығаюы
Аптаның алғашқы күндері теңге әлсірегенімен, апта соңына қарай қайта нығайды. 29 тамызда $1 = ₸538,84 болса, 6 қыркүйекте $1 = ₸536,40-қа түсті. Бұл – 0,46%-дық нығаю. Мұнай бағасының арзандауы теңгеге қысым көрсеткенімен,
Апта негізгі үш факторымен есте қалды:
- АҚШ еңбек нарығына қатысты күткен мәліметтер – ФРЖ-ның шешімін айқындайтын басты белгі.
- Алтын бағасы тарихи максимумға жетіп, инвесторлар үшін басты қорғаныс құралына айналды.
- Қазақстан нарығы айтарлықтай тұрақтылық көрсетіп, аймақтық деңгейде сенімділік танытты.

Алдағы аптада басты назар АҚШ-тың инфляция жөніндегі есебінде болады. Егер еңбек нарығы әлсіз, ал инфляция төмен болып шықса, онда ФРЖ мөлшерлемені төмендетуге барады. Бұл әлемдік қор нарықтарына жаңа серпін беруі мүмкін. Бірақ инфляция жоғары болып қалса, қатаң саясат қайтадан күн тәртібіне оралады.