OPEC+ құрамындағы елдер қазанда мұнай өндірісін арттыруға келісті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, БАӘ, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оманнан құралған ОПЕК+ тобы – қазан айынан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне 137 мың баррельге ұлғайтуға келісті. Бұл шешім қыркүйек айындағы деңгейден есептеліп отыр.

Ұйым өкілдері мұндай қадамды нарықтағы оң көрсеткіштермен түсіндірді.

«Бүгінгі күні мұнай нарығы теңгерімді. Макроэкономикалық болжамдар күткеннен сәл жоғары. Әлемдік экономиканың өсімі, әуе тасымалы мен автокөлік қозғалысының жандануы бізге осындай шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Бұл – таза нарықтық қадам», – деді ОПЕК+ қатысушылары.

Келісім аясында Қазақстан да өндірісін ұлғайта алады. Қазан айында еліміздің мұнай өндіру көлемі (компенсация жоспарын есептемегенде) тәулігіне 1,556 млн баррельге жетуі мүмкін.

Сонымен қатар ұйым артық өндіру жағдайында мұнай көлемін қайтадан реттейтінін мәлімдеді.

Нарықтағы қысым және Brent бағасы

Өткен аптада Brent маркалы мұнай бағасы 69доллардан 66 долларға дейін төмендеді. Бұған екі негізгі фактор әсер етті:

  • Еуропалық одақ Ресей мұнайына арналған бағаны 60 доллардан 47 долларға дейін түсірді;
  • ОПЕК+-тің өндіріс көлемін арттыруы. .

Нарыққа қосымша қысым дрон шабуылдары салдарынан Ресей мұнай өңдеу зауыттарында туындаған қиындықтармен және геосаяси тұрақсыздықпен байланысты. АҚШ Венесуэлада билік ауысуы мүмкін екенін айтып, наркокартельдермен жаңа күрес жариялады.

Қара алтын бағасы қандай болмақ?

АҚШ экономикасының беріктігі мен Иранға қарсы жаңа санкциялар мұнай бағасын белгілі бір деңгейде қолдап отыр. Сарапшылардың пікірінше, Brent жақын арада 60–70 доллар дәлізінде қала бермек.

Дегенмен, нарықтағы геосаяси факторлар, санкциялық қысым және өндірістің ұлғаюы мұнай бағасын қайта құлдыратуы да мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз