Ливерпульдегі әлем чемпионаты: бүгін шаршы алаңға қазақстандық 7 боксшы шығады

Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатында бүгін бірнеше қазақстандық спортшы жекпе-жекке шығады.
Күндізгі сессия сағат 15:55-те басталады. Алғашқы болып 80 келіге дейінгі салмақта Гүлсая Ержан литвалық Ивета Лесинскистемен қолғап түйістіреді. Одан кейін 70 келіде Төрехан Сабырхан нидерландтық Финн Роберт Боспен жұдырықтасады. Ал 90 келідегі Сағындық Тоғамбайдың қарсыласы – ирландиялық Джек Майкл Марли.
Кешкі сессия сағат 21:55-те жалғасады. 65 келіде Аида Әбікеева кореялық Сук Ён Канмен кездессе, 60 келіде Бейбарыс Жексен үндістандық Сачинге қарсы шығады. Сондай-ақ 75 келіде Сабыржан Аққалыков украиналық Павел Иллюшамен жұдырықтасады. Кештің соңғы жекпе-жегінде +90 келіде Айбек Оралбай түрік боксшысы Ильяс Мюджахитке қарсы өнер көрсетеді.
Әлем чемпионатының барлық жекпе-жектерін қазақстандық жанкүйерлер «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.
Бұған дейін, Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай жекпе-жектерін өткізіп жеңіске жеткен еді.