Түркияда оппозицияға қысым күшейді: Ыстанбұлда жаппай наразылықтар өтіп жатыр

Түркияда билік оппозициялық Республикалық халықтық партияға (РХП) қарсы қысымды арттыра түсті. Партия жақтастары уақытша басқарушының тағайындалуына қарсы шығып, Ыстанбұлдағы штаб-пәтеріне өтпек болды.
7 қыркүйекте Ыстанбұлдың Сарыер ауданындағы РХП ғимаратының маңына ондаған адам жиналып, полиция қойған тосқауылдарды бұзып өтуге әрекет жасады. Бұған дейін сот шешімімен партияның жергілікті басшылығы қызметінен шеттетіліп, орнына уақытша басқарушы тағайындалған еді.
Президент Реджеп Тайып Ердоғанның тағайындауымен қала губернаторы бірқатар ауданда үш күндік митинг өткізуге тыйым салды. Соған қарамастан, РХП жетекшісі Озгүр Озел жақтастарын штаб-пәтерге қарай шеру жасауға шақырды.
«Кімде-кім Республикалық халықтық партияны қорғаса, ол республиканы қорғайды», – деді ол.
Партия соңғы айларда биліктің жүйелі түрде саяси қысым көрсетіп отырғанын мәлімдеді. Наразылықтың басты себебі – 2 қыркүйектегі сот шешімі. Онда екі жыл бұрынғы партия съезінде заңбұзушылықтар болды деген уәжбен РХП-ның Ыстанбұлдағы барлық басшылығы қызметінен алынып, орнына уақытша басқарушы тағайындалды.
8 қыркүйекте жаңа басқарушы жұмысын бастауы тиіс. Ал 15 қыркүйекте сот отырысы өтіп, онда партия лидері Озгүр Озелдің де қызметінен шеттетілуі мүмкін екені хабарланды.