2026 жылдың көктем айларында Қазақстан Өзбекстаннан электр энергиясын сатып алады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстан Өзбекстаннан электр энергиясын сатып алады / Фото: kursiv.media архив

Қазақстан Өзбекстаннан 900 млн кВт-сағ көлемінде электр энергиясын сатып алады. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Астана, Бішкек және Ташкент 2026 жылға дейінгі су-энергетикалық баланс бойынша келісімге келді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Министрлік хабарлауынша, 2025 жылдың 7 қыркүйегінде Шолпан-Ата қаласында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің өкілдерімен кездескен. Жиын барысында өңірде су-энергетикалық теңгерімді реттеуге бағытталған бірқатар хаттамаларға қол қойған.

Тараптар бірнеше келісімге келген.

  • Біріншісі – Тоқтағұл су қоймасынан су жіберуді қамтамасыз ету жөніндегі келісім. Бұл келісім негізінде су қоймасындағы су деңгейін қажетті мөлшерде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ алдағы вегетациялық кезеңде еліміздің оңтүстік өңірлері суармалы сумен қамтылады.
  • Екіншісі – Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстанға электр энергиясын жеткізеді. Электр энергиясы Ресей Федерациясынан Қырғызстанға Қазақстанның энергетикалық жүйелері арқылы транзиттелмек.
  • Үшіншісі – 2026 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында Өзбекстан Қазақстанға шамамен 900 млн кВт-сағ көлемінде электр энергиясын жеткізеді. Аталған мерзімде елдің оңтүстігіндегі электр станциялары жаңғыртылады. Сол кездегі электр тапшылығы Өзбекстан есебінен жеткізіліп отырады.

«Қол қойылған хаттамалар – көрсеткіштері, мерзімі мен бағалары көрсетілген нақты жұмыс құжаты. Біз жеткізудің техникалық шарттарын нақтылап, өзекті мәселелерді шештік. Қазақстан өз міндеттемелерін толық орындайды және серіктестер тарапынан да осындай ұстанымды күтеді. Бұл өңірдің энергетикалық және су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі», – деп мәлімдеген Ақкенженов.

Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі артқан. Нақты айтқанда бұл жылы электр энергиясын тұтыну 4,3%-ға артқан. Қазақстан электр энегриясының негізгі көлемін Ресейден сатып алады.

Сондай-ақ оқыңыз