Депутат Тоқаев жолдауда айтқан цифрландыруға кейбір топтардың қарсы болғанын айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Президент жолдаудың негізгі тақырыбы ретінде цифрландыру мен ЖИ-ді дамыту мәселесін көтерді. Не себепті Тоқаевтың осы салаларды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын Парламент кулуарында депутат Айдос Сарым түсіндірді.
«Президент өз жолдауында 3 жылда толық цифрландырылған мемлекет құруды тапсырды. Бұл – өте дұрыс шешім. Біз кейбір жерлерде цифрландыруға қатты қарсылық білдіріп отырғандар бар екенін білеміз. Себебі бұл салалардан пайда көріп жатқандар аз емес. Шенеуніктер, квазимемлекеттік сектор бар дегендей. Цифрландыру дамыған сайын, кейбір салаларда қалыптастқан жағдайды анық көре бастаймыз. Мәселен, президент әлеуметтік төлем алатындар туралы айтып өтті. Қазіргі таңда цифрландыру негізінде әлеуметтік төлем түрін бір ретке келтіріп, ол жерде қалыптасқан жағдайды анық көре бастадық», – деді Сарым.
Депутат цифрландыру жүргізілмесе, біріздендірілмесе, шығын арта беретінін айтты. Орынсыз шығынды болдырмау үшін мемлекет қаражаттың қалай және қайда жұмсалып жатқанын анық көріп отыруы керек. Оны тек цифрландыру арқылы шешуге болады.
«Мемлекет қаражаты химия немесе сиқыр емес. Оның есебі дұрыс жүргізілуі керек», – дейді Сарым.
Еске сала кетсек, бүгін, 8 қыркүйекте президент Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Онда мемлекет басшысы Қазақстанның 3 жыл ішінде цифрлы мемлекетке айналуы қажет екенін айтты.