Президент жолдауында неге цифрландыру мен ЖИ мәселесі жиі көтерілді – Қарин пікірі

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қарин президент жолдауында не себепті цифрландыру мен ЖИ мәселесі жиі қозғалғанына қатысты пікір білдірді / Фото: gov.kz; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында цифрландыру мен ЖИ мәселесі ең көп қамтылған тақырыптың бірі болды. Жолдауда бұл мәселеге неге көп көңіл бөлінгеніне қатысты Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин пікір білдірді.

Қарин осы жылғы жолдаудың негізгі біріктіруші идеясы ЖИ мен цифрландыру болғанын айтады.

«Биылғы Жолдаудың біріктіруші идеясы – цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың түрлі салаларына цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізу міндетін жүктеді. Бұл қадамның барлығы жинақтала келіп, Қазақстанның жаңа Ұлттық цифрлық даму стратегиясына біріктіріледі», – дейді Мемлекеттік хатшы.

Жалпы цифрландыру саласында Қазақстанның кейбір елдермен салыстырғанда оқ бойы озық екені де анық. Бұл өз кезегінде мемлекеттің технологиялық тұрғыда тез дамуына оң әсер етеді.

«Қазақстан жаңа технологияларды дамыту мен енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып отыр. Бұл ретте Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді. Осылайша, биылғы Жолдауда цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу біздің ел үшін жаңа ұлттық идея ретінде айқындалды», – дейді Қарин.

Айта кетейік, бүгін, 8 қыркүйекте президент Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Онда Тоқаев Қазақстанның үш жыл ішінде цифрлық ел болуы керек екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз