Қожамжаров кланаралық мәселелерді шешіп келген тұлға болған – Саиров

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
General News бөлімінің редакторы
Депутат Саиров қаржы полициясының экс-басшысы Қожамжаров туралы пікір білдірді / Фото: kazpravda.kz

Депутат Ерлан Саиров Парламент кулуарында экс-қаржы полициясының бастығы Қайрат Қожамжаровтың кезінде кланаралық мәселелерді шешумен айналысып келгенін және құзырлы органда қызмет еткен жылдары адамды азаптаумен айналысқанын айтты.

«Антикор кезінде кланаралық саяси мәселелерді шешудің құралы болған. Ол кезде көптеген резонансты оқиғалар болды. Ол – Қорғас ісі, бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовке қатысты іс. Міне осы істердің барлығында адамдарды қинаған деген күдік бар. Егер осы күдік анықталатын болса, оған қатысы бар адамдардың барлығы заң алдында жауап беруі керек. Сол кездері Қожамжаров кланаралық мәселелерді шешіп отырған. Сонымен бірге заңсыз байыған деген күдікте те айтылады», – деді депутат.

Саиров 2011 жылы тәуелсіз журналист Гүлжан Ерғалиеваның келтірген мәліметтерін де еске ала кетті. Айтуынша, сол жылдары Дубайда Қожамжаровтың отбасының есепшотында 11 млн доллары болған. Алайда бұл мәліметтер анықталмаған.

«Осы фактілердің барлығы тексерілуі керек», – дейді Саиров.

Еске сала кетсек, 6 қыркүйек күні Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровтың үстінен іс қозғалғанын хабарлады.  Экс-прокурор лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша күдікті деп танылған.

Сондай-ақ оқыңыз