
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдердің әрекетсіздігінен елдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы құлдырап кеткенін айтты. Бұл туралы президент Қазақстан халқына жолдауында атап өтті.
«Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл бойы қараусыз қалып, оның жай-күйі өте мүшкіл жағдайға жетті. Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар», – деді президент.
Тоқаев тарифтер өскен сайын халыққа сенімді әрі сапалы қызмет көрсетілуі қажет екенін айтып, өңірлерде саланы «Ақылды қала» құру тұжырымдамасы негізінде дамыту мәселесін ұсынды.