«Банктен» деп телефонмен хабарласатын алаяқтар саны екі есе өсті

Алаяқтар өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып қоңырау соғуды көбейтті. 2025 жылдың қаңтар-тамыз аралығында осындай 4,3 мың жағдай тіркелген. Бұл туралы Бас прокуратурасжанындағы ақпараттық жүйелер мен деректер көздеріне сілтеме жасаған Бірінші кредиттік бюро жазады.
Былтыр дәл осы уақыттағы кезеңмен салыстырсақ, жалған қоңыраулар саны екі есе өскен. Әсіресе, алаяқтар Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарында ең көп тіркелді.
4,3 мың жағдай – тек телефон арқылы хабарласқанда тіркелген құқықбұзушылық. Жалпы осы жылдың сегіз айында 17,2 мың интернет алаяқтық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артық. Олардың көпшілігі Астана қаласында, одан бөлек Алматы, Қарағанды және Павлодар облысында тіркелген.
Кей жағдайларда алаяқтыққа банк қызметкерлерінің қатысы да болуы мүмкін. 4 қыркүйекте Бас прокуратура елдегі белгілі банк қызметкерлерінің ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны жайлы хабарлады.
Олар қаржы ұйымындағы қызметін пайдаланып, қазақстандықтарды 3,7 млрд теңгеге алдаған. Банктер өз тарапынан бұл істің мән-жайы өздеріне белгісіз екенін, бірақ ресми құжаттар ұсынылса, тергеуге барынша қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.