Тоқаев: Бір палаталы парламент құрылады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото. ашық дереккөзден

Елде парламенттік реформа жүргізіп, бір палаталы парламент құрылады. Бұл туралы бүгінгі жолдауда Тоқаев хабарлады.

Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан, мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді», – деді ол.

Тоқаевтың сөзінше, парламенттік реформа мәселесі жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып жатыр.

«Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын», – деп атап өтті президент.

Тоқаев 1995 жылы құрылған Сенаттың ісіне жоғары баға берді.

«Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қалыптаса бастаған аса қиын жолдың басында тұрған едік. Сенатқа мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету тарихи міндеті жүктелді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып шықты», – деп түсіндірді ол.

Осы жылдың басында Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұхбат беріп, парламенттік басқару жүйесі жайлы пікірін білдірген. Сол кезде парламент реформасына қатысты шешімдер жалпыхалықтық референдумда шешілуі керек деген еді.

Сондай-ақ оқыңыз