Партиялық тізіммен сайланған депутаттар өткір мәселені көтере ала ма?

Парламентте әлеуметтік тақырыптағы, өткір мәселені көтеріп жүргендер бір мандатты округтен сайланған депутаттар. Бірақ жаңа парламент тек партиялық тізіммен құрылатын болса, елдегі өзекті мәселелер назардан тыс қалмай ма? Журналистер мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбайға осындай сұрақ қойды.
Депутат, президент ұсынғандай, жаңа парламентке депутаттардың тек партиялық тізіммен қабылдануын қолдаймын дейді. Көпшілік ойлағандай, бір мандатты округтен сайланатын депутаттар әрдайым тәуелсіз деуге келмейді. Себебі олардың өзі – түбінде партияға тиесілі.
«29 мандатты округтің 22-і – «Amanat» партиясының депутаты. Сіздер ойлағандай бір мандатты округтен сайланған, өткір мәселені көтереді дегендеріңіз – біздің фракцияның мүшелері», – деп түсіндірді ол.
Бейсенбайдың сөзінше, егер фракцияның ұстанымы бірдей болса, онда тіпті бір мандатты округтен сайланған сол депутаттардың өзі келіспесе де, фракциямен бірдей дауыс беруге міндетті.
Түсіндіре кетейік, қазіргі 2022 жылғы Конституциялық реформадан кейін елде бір мандатты округтер қайта енгізілді. Соның нәтижесінде 2023 жылғы Мәжіліс пен мәслихат сайлауы аралас жүйе бойынша өтті. Яғни сайланған 98 депутат партиялық тізіммен, ал 29 депутат бір мандатты округ арқылы тіркелді. Облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға да алғаш рет бір мандатты округтер арқылы жеке кандидаттар сайланды.
Бірақ бұл өзгеріс қайта жойылуы мүмкін. Бүгінгі жолдауда Тоқаев Сенатты таратып, бір палаталы парламент құруды ұсынды. Жаңа парламентке депутаттар тек партиялық тізіммен тіркелетін болады.