Қазақстан «Достық» құбыры арқылы Венгрияға мұнай экспорттамақшы

Қазақстан «Достық» мұнай құбыры арқылы Венгрияға мұнай жеткізуі мүмкін. Осы жылы жазда Хорватия арқылы алғашқы сынақ партиясын жөнелткен. Бұл жайлы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.
«Техникалық жағынан мүмкіндік бар, коммерциялық шарттарын «ҚазМұнайГаз» талқылайды. Министрліктің ондай функциясы жоқ. Көлемді көбейту, коммерция және серіктестікті жалғастыру бойынша барлық сұрақты «ҚазМұнайГазға» жіберу керек», – деді Ақкенженов парламент отырысында.
Министрдің сөзінше, «Достық» құбыры арқылы Германияға да мұнай көлемін арттыруға техникалық мүмкіндік бар.
Бұған дейін хабарланғандай, «ҚазМұнайГаз» MOL Group компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту аясында Венгрияға алғашқы мұнай партиясын жеткізді. Көлемі – 85 мың тонна. Маршрутқа Новороссийск портынан Хорватияның Омишаль портына дейінгі теңіз тасымалы кірді. Бұдан әрі мұнай Хорватия компаниясы Jadranski naftovod (JANAF) басқаратын Адриатика мұнай құбыры арқылы Венгриядағы Сазхаломбатта мұнай өңдеу зауытына жеткізілді.
Қазақстан 2023 жылдан бері «Достық» магистральдық мұнай құбыры арқылы Германияға мұнай экспорттап келеді. КМГ мәліметінше, 2025 жылы осы бағытпен 1,5 млн тонна мұнай жөнелту жоспарланған еді. 2024 жылдың қорытындысында да дәл осындай көлем – 1,5 млн тонна экспортталды. Кейінірек компания материалдарында 2025 жылы Германияға жеткізілетін көлемді 2 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделгені айтылды.