Тоқаев: Бизнеске әлі бюрократия кедергі

Жарияланды 8 Қыркүйек 2025 12:37

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: коллаж Kursiv Media

Елде цифрландыру ісі әлі діттеген мақсатқа жеткен жоқ, бизнеске кедергілер көп. Ол үшін алдымен салықтық әкімшілендіруге назар аудару қажет дейді Тоқаев.

«Біз азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісінде зор жетістікке жеттік. Бірақ бюрократиялық рәсімдер әлі күнге дейін бизнеске кедергі болып отыр. Цифрландыру ісінің мақсаты әлі орындалған жоқ. Бұл ахуалды шұғыл түзеу керек. Ең алдымен, салықтық әкімшілендіруге назар аудару қажет», – деді ол.

Осы мақсатта Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру үдерісі бойынша мемлекеттік органдар арасында көш бастауы тиіс деген тапсырмасын айтты. Аталған мекеме ЖИ мен басқа да технологияны салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолдануы керек. Жаңа Салық Кодексі де осы мақсатта жұмыс істеуі тиіс.

«Жаңа Салық кодексі қазіргі нормалар мен рәсімдерді өзгертумен шектелмеуі керек. Бұл құжат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа таным-түсінігі мен болмысын қалыптастыруға тиіс. Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды», – деді ол.

Одан бөлек даму институттарының кәсіпкерлердегі қорғаудағы белсенділігіне де сын айтты.

«Даму институттары кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру ісінде айрықша рөл атқаруға тиіс. Бірақ олардың жұмысында біраз кемшілік бар. Даму институттарының қызметін өзгертетін кез келді. Шын мәнінде, бұл құрылымдар нақты бір салаға бағытталған, терең талдау жасауға қабілетті және инвестиция салуға құқылы толыққанды даму институты ретінде жұмыс істеуге тиіс»», – деп атап өтті президент.

Сондай-ақ оқыңыз